ҚАЗАҚТАР
Т.Жаманқұловқа
Қазақ деген бір ел бар атқа мінген,
жұлдыздар мен жел тілін жатқа білген,
құтылмаған күнаһар, күпірліктен,
айыра алмай Алланы көк тәңірден.
Қазақ деген бір ел бар «құдай атқан»,
күн оятпай жүрегін, түн оятқан,
саптаяқтың сабына зар болғанда,
қарауылдап қарайтын шынаяқтан.
Қазақ деген бір ел бар жатып ішер,
біреу атқа мінді деп тақымы ісер,
басқа халық бар ма екен дүниеде
батыры қан жұтатын, ақыны — шер?
Қазақ деген бір ел бар теріс туған,
өнер қуып болған соң керіс қуған,
қызғаныштан жем болып қызыл итке
дайын тұрар болуға тегіс құрбан.
Қазақ деген бір ел бар маң далада,
жемтік болған қаймана қандалаға,
қонағының қотырын қаситұғын
өзіндегі қарамай сан жараға.
Қазақ деген бір ел бар,
қызу халық,
қисық жолмен қайтатын түзу барып,
сойыл беріп қолына
«аттан!» десең,
ұжмаққа да кіретін бұзып-жарып.
«Қазақ деген қай ел?» деп сұрамалық,
қылжақтайтын әдеті жылап алып,
Сол қазақтың ішінде мен де бармын,
ал, түсе бер соңыма шырақ алып!..