12.06.2022
  90


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ГОЛИАФТЫҢ АУЫЛЫ

Түршігесің қарадай,
қара да тұр,
бұл өңірге келген бе заманақыр? —
жон үстінде жосылған жолдың бәрі,
жолдың бәрі...
зиратқа бара жатыр!
Шатастырдым көз жасын бұршақпенен,
бұл әлемде қалып па ынсап деген?
бұзылмаған ниеті біреу бар ма?.. —
пәк көңілге іңкәр боп сусап келем.
Есіл күші секілді Голиафтың,
керегі жоқ ешкімге ар-ұяттың.
Кеш батқасын
көзіңе шұқиды кеп,
шамсыз, айсыз, жұлдызсыз қаңырап түн.
Қаңырайды дәл солай өз кеудең де...
бәрі — бәрі бір күнде өзгерген бе?
адамы да, заманы, қоғамы да,
сәлеміңді алмайды кез келгенде.
Ауыл деген бұл емес мен білетін!
бұрар-бұрмас кейінге енді бетін...
Жүрегімнің түбінде жанып тұрған
кез келді ме
шырақты сөндіретін?





Пікір жазу