12.06.2022
  150


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚАЗАҚ ТІЛІ

Ғұндарға дағы,
сақтарға дағы,
ақ сүтін берген арман тіл,
атқанда дағы,
шапқанда дағы
қансырап аман қалған тіл.
Жоңғардың сұсы,
шүршіттің мысы
еңсесін баса алмаған,
жүрегін шоқып қырсықтың құсы
соңынан қалмай сарнаған.
Өрт шалған тудай жаралы тілім,
желбіреп желмен шалқыдың,
қақ жарып шығып
даланың түнін,
жусан мен қымыз аңқыдың.
Фарабилер мен Бейбарыстардың
өсиеті де өзіңде,
Махамбет сынды жолбарыстардың
қасиеті бар сөзіңде.
Бабалар өзі байытқан тілім:
«шұбарладың деп сен мені»,
бұйырар болдың айыпқа бүгін,
парықсыз біздей пендені.
Қайғыға қалай бауыр баспайын,
ертерек туып,
кеш қалсам
күлкімді мұңға айырбастаймын,
Ана тілімді еске алсам.
«Құрыған тіл!» — деп табандағанның,
деймісің кетпес түгі де,
тілімді сонша жамандағанның
шоқ түсер әлі тіліне.
Қалайша қынға көмейін сені
қылшылдап тұрған қылышым,
құдайдың тілі демейін тегі
табиғаттың өз тілісің!





Пікір жазу