12.06.2022
  95


Автор: Ұлықбек Есдәулет

БАЯНӨЛГЕЙ

Алтайдың келіп саласына мен,
керуен де керуен сөз артып,
Баянөлгейдің ауасыменен
қолқамды тұрмын тазартып.
Тілі де таза, ділі де даңғыл,
діні де әлі дуалы,
ағада — бата, ініде — ән-жыр,
думанға толы дуаны.
Ибалы жүз бен иманды көңіл
иіліп жастық болғандай,
қонақкәдеден қиналды небір
өнерсіз мендей сормаңдай.
Өрістен есен сарлығы қайтып,
табаққа салып тәуірін,
«Мұңлығы менен Зарлығын» айтып
мұңайған менің бауырым.
Сыбызғыларын суарып алып,
күй шалып тұз бен шекерлі,
«қонақ келді!» деп қуанып анық,
аңсайды ата мекенді.
«Көшеміз, дейді, Қазақстанға!..» —
жігіттер жанып көздері.
Баянда, бірақ базары ұшқанға
ұқсамай тұр-ау өздері!





Пікір жазу