12.06.2022
107
«ДАЛАМ!» — ДЕСЕМ
— Далам! — десем:
құлындағы дауысым құраққа шығып,
жаңғырығып жатады жыраққа сіңіп,
көгенкөз бұлақ кенеттен күлкісін тиып,
іргеме келіп аунайды жылап басылып.
— Далам! — десем:
құшақтасып тауменен тау көріседі,
суыт аттанған сұр бұлттар сау желіседі.
қанжығасынан қан аққан қасіретім мен
атпал үмітім жан алып жан беріседі.
— Далам! — десем:
жарасы батып жүрегім жан ұшырады,
жанарымның жасы таусылып, қаны шығады,
арыстарымды ойлаймын арланар ма деп,
кеудеде шыбын жаны мен намысы бары.
— Далам! — десем:
еділбайларым күйсеген қала-көгенде
бұршағын үзіп шығар ма ала көбеңде?
Кебінді тастап,
кебенек кисем бе деймін,
дүмбілез күйден арылып,
— Дала!!! — дегенде!..