12.06.2022
  105


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚҰС ЖОЛЫ

Құс жолына жеткенше сенделемін,
Жеткен күні басылар шөлдегенім,
Тоқтата алмай түнеріп тынарсыңдар,
Тауға тартқан табыттың дөңгелегін.
Құлағына
Қорқыттың күйі сіңбей,
Қоғам қалар Бетпақтың бүйісіндей,
Жырларымның жұпарын жұтарсыңдар,
Жұлып алған жусанның иісіндей.
Жұлдыз да емен,
Ай да емен,
Күн де емеспін,
Періштеге теңемес мүлдем ешкім,
Мен кетермін өзімнің Құс жолыммен
Найзағайдың тағдырын күндемеспін.
Қаршадайдан құс сүтін ішкеніммен,
Құс ұйқы боп,
Қыспаққа түскеніммен,
Құс қанаты жауса да,
Жыл құсындай
Оралмаспын мен, бірақ Құс жолыммен!..





Пікір жазу