12.06.2022
141
АҚЫНҒА ҚАНАТ БЕР, ҚҰДАЙ!
Ақынға қанат бер, құдай:
ақшуақ таңдардың
арайын шарлау үшін,
ақшулан таулардың
аспанын самғау үшін;
тарпейіл күншілдің
табасы болмау үшін,
тап басар қу-сұмның
табанында қалмау үшін;
Ақынға қанат керек:
арына шаң қонбас үшін,
арамды аңғармас үшін,
алданып, ақымақ болып,
артынан таң қалмас үшін;
аяулы арманы күйреп,
арланбас,
зарланбас үшін,
жанына жарақат түсіп,
шарт сына шамданбас үшін;
Ақынға қанат керек:
күйкі мен күйбеңнен,
жоғары жүру үшін,
сумаң мен сүйреңнен
ада өмір сүру үшін;
өрт пенен өмірден
өзегі өртенбес үшін,
дерт пенен өлімнен
дем жетіп, жеркенбес үшін;
Ақынға қанат бере гөр:
пысқырмай жауыздыққа
биікте болу үшін,
бағынбай ауыздыққа,
бас имей өлу үшін —
Ақынға қанат керек!