12.06.2022
96
МАС ШАҒАЛАЛАР
Сылқылдап қана арбап күліп,
тұрмайды теңіз төсектен,
араққа малып нан лақтырып,
шағалаларды мас еткен,
жағалаудағы жігіттер...
Машақты көктен қағып алып,
мәңгірген аппақ шағала,
құмдаққа құлап жаны қалып,
қалбаңдап жатыр жағада,
жігітгер оған мәз-мәйрам.
Ұшуға біткен қанаттардың
топшысы түгел қираған,
құдіреті қайда жаратқанның,
аспанға құсты сыйлаған?
Жігіттер солай мәз-мәйрам...
Аспан тұр бәрін тұспалдап ап,
күнаһарлардың сорына:
«Шыбын жандарың ұшқанда, қап,
түсерсіңдер, деп, қолыма!»
жігіттер әлі мәз-мәйрам..