12.06.2022
118
ҚАУЫРСЫН
Тағдырдың жеңілдетер ауыр сынын
жыр жаз! — деп,
бердің аққу қауырсынын,
төңірегім түгел самғап бара жатты
ашқандай маған бір сәт тәңір сырын.
Аққу сыр,
қауырсын наз,
қанатты өлең,
армандай тағдырыма балап келем,
құдай-ау, құс мінезді ақындарды
қалайша қанатсыз ғып жаратқан ең?
Тірсегін қара жерде тілер қайғы,
тізерлеп ақын өмір сүре алмайды,
қайыл боп қарауылға ілігуге
қайырсыз қазасына жыр арнайды.
Бұл өмір болса-дағы ғажап тіпті,
армандап өтеді ақын азаттықты,
ішіне құдайды әрең сығалатар,
ілер ме көзге ешкімді қазақ мықты?!
Ойымнан түскендей боп ауыр шынжыр,
бойыма қанат берді қауырсын бұл,
құс текті қаламменен жазылған соң
құрсаған бұғауынан арылсын жыр!