12.06.2022
  133


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АЛМАТЫ. АҚПАН

Терезені ашып ем қар ұшып кірді,
Бөлмені басқан буменен жарысып кірді,
Мұнарлы түнде қан-сөлсіз қылаңытқан Ай,
Ат жүйріктей боп аспанға жабысып тұрды.
Тұншығып қалған бір әлем — құпия бәрі,
Жұмбағын шешіп кім оны түсіне алады?
Түрікпендердің төңкерген қауға бөркіндей
Қарауытады бұтақта құс ұялары.
Бетіме қонған мамық қар еріп барады,
Жербауырлаған аппақ бу тобық қағады.
Жұмыртқа басқан сиқырлы самұрықтай боп,
Тыныштық жатыр түбіті көміп қаланы.
...Зілзала өтіп, Зайсанда ақсарбас сойып,
Қауқылдап ауыл жатыр-ау
бас, жамбас қойып.
...Қар жауған түнгі қаланың көшесіне ұқсар,
Көңілім менің тапталар-тапталмас болып.





Пікір жазу