12.06.2022
  104


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ШЫҢҒЫСТАЙ. КӨШЕДЕГІ БҰЛТТАР

Бұл ауылда
бұлт кешіп бала өседі,
бұлтты болар сондықтан келешегі,
балқарағай сарсүйек болған кезде,
бүршіктерін қытықтап жел еседі.
Бұл ауылдың
болғасын құты басым,
тұтқынына түбі кеп тұтыласың.
Шыңғысханның сүйегін қымтап алып,
киелі тау ашпайды құпиясын.
Бұйыртпаса,
Алтайдың бар қонағы,
бір көруге Мұзтауды зар болады.
Арқарлардай ауылға ауып келген
ақша бұлттар аралар әр қораны.
Мызғып жатыр
маңғаз тау мұз бөктерген,
мәңгі осылай — ісі жоқ күз, көктеммен.
Мұзтау сынды
мұнартқан қарттарымның
мәрт тұлғасын мөлтілдеп іздеп келгем.
Қайран қарттар
тас қашап, кетпен шапқан,
қарағайдай қасқайып кеткен саптан,
күркірейді күн болып енді бүгін,
келер шақ пен осы шақ, өткен шақтан.
Ай астында кісінеп күміс табын,
ат жалынан алтын шық уыстадым.
Жалғызаяқ жолға сап,
жөн сілтеді
жалғызаяқ самырсын туысқаным.





Пікір жазу