12.06.2022
  127


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АҚЫННЫҢ СӨЗІ

Арамза сөзбен алдағандықтан,
Аярға беріп мұрсат-ай,
Ақынның тілін алмағандықтан
Арманда кеткен Исатай...
Ақынның сөзі —
Тірліктің дәні,
Табанда қалар басылып,
Танымай жүрген құрлықтың бәрі
Табынар түбі бас ұрып.
Қаншама ақын болды да ғаріп,
Найзаның кетті ұшында,
Абайдың тілін алды ма халық,
Көзінің тірі тұсында?
Бұқардың тілін Абылай алып,
Мағжанның тілін кім алған?
Тарихқа өзі
Мәңгі айналып
Ақынның сөзі сұралған.
Соқырша ерген кей көсемдерге,
Саңырау,
Мылқау ғасырлар,
Ақынға билік бермесеңдер де,
Сөзіне кұлақ асыңдар!





Пікір жазу