12.06.2022
  122


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АЛМАТЫ. ЖЕЛТОҚСАН

Адамзаттың аяқ қолы
бұғаудан
босайтұғын күн қайда?» деп сұраудан
мен жалықпан,
айыққанша бар әлем
итжанды бір «үрей» деген тымаудан.
Көгершіндей көтере ұшқан тұзағын,
пенделіктен арқан бойы ұзадың,
қанатыңды жаздыра ма бойдағы
ауыр күнә, батпан-батпан ыза-мұң.
Жер тарылды,
кеңімеді аспан да,
тіл бітпеді соқыр, мылқау тастарға,
тәңір өзі кірер тесік таппады
үмбетінің қаһарынан қашқанда.
Қанай-қанай қаны біткен жүректің
қанаттарын тісі қиып күректің,
арманның да аяқ-қолы байланды,
көк аспанда тұрмақ енді тіреп кім?
Адам деген алдануға үйренсе,
үнсіз-түнсіз шыңғыратын күйге енсе,
ажалды да айналдырар ойыншыққа,
тағдырынан тажал-тоқпақ тигенше.
Уақытта да жан жүректің бары шын,
ол жоқтайды сұлатып сап арысын,
шоқуға да арланбайды ол бірақ,
биліктінің пісіп қалған тарысын.
Тағдыр таптап, қу теперіш көрген қыз,
уақыт сені емдер ме екен ем-домсыз?
Ал, бірақ та
жүректегі қайғыны
көру үшін рентген де дәрменсіз!





Пікір жазу