12.06.2022
162
АҚТӨБЕ. ҚАЗАНҚАП ҚАБІРІ. «КӨКІЛ» КҮЙІ
Домбырадан күй жұпары аңқыды...
діріл қағып шертілгендей жан қылы,
жүрегімде —
қазбауыр бұлт қаңқылы,
жанарымда —
жаралы кеш жалқыны...
Неткен үндес мына бір күй Құранмен!
Аллау Акбар!
аруақтанып тұрам мен!
мұңлы мазар бесігіндей пейіштің...
киесіне көңіл ұйып, тынар дем.
Уақыт — ісмер
Жер жыртығын жамаған,
қыртысында қыршын кеткен сан адам...
бүгін міне, қайта туып құдірет,
о дүние аспанынан қараған.
Күй дегенің аумайды ғой Құраннан,
жарық нұрдан, сәулелерден құралған,
кел, зиратшым,
күй тыңда да, қолың жай,
шын құтылғың келген болса күнәңнан!