12.06.2022
  219


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚОБДА. ИСАТАЙ ҚАБІРІ БАСЫНДА

І
Қаталап өлген
Қара жер,
Қанымды іш те,
Қана бер...
Құралайдың күнінде
Қырқарлансам —
Қаһарыма
Қормал болмас түбінде,
Қорқып жатпай інінде
Қарсы келсе хан егер!
Құдіреті күшті құдайым,
Қызыл қарын сары бала,
Қайғы жұтқан кейуана,
Қаңғып қалған пәруана мынау жұртымды
Қан аңсаған қылыштан аман қаға гөр!
Қайыңның түбі — қызыл қан,
Қорлықтан қолқа қызынған,
Қабылан жүрек қайран ерлерден айрылып,
Құлазып өңір,
Қамығып көңіл бұзылған.
Жанымыз ұшты ғайыпқа,
Қанымыз құйды Жайыққа,
Қапыда кеттік қор болып,
Қаймығып қалған қайран ел,
Бұйыра көрме айыпқа.
Қамалаған қалың дұшпанның
Қарбыздай басын қағып ап,
Толтырсам деп ем Жайықта жүзген қайыққа!..
Терлігім терге шіріді,
Теңіздей қолым іріді,
Тұмсықтан тізген тіріні —
Атаңа нәлет дұшпанға
Жер басып жүру лайық па?
ІІ
Ақбұлақтың жағасында
Құжынаған қабірлер...
Қаптап жатқан қалың қабір...
Құдай, өзің сабыр бер.
Аспан асты, жер үстінде бір белгі жоқ басында,
Осы жерде зәу-затымен көмілгендей тәңірлер.
Қарақұрым қабірлерден ,
Қайысады қабырғаң,
О, Қара Жер!
Қаным менің қашып кетті тамырдан...
Сырдың суы сирағынан келмей жүрген сырдаң ер,
Аяқ-асты айырылдым сарқылмайтын сабырдан.
Қай кезде де қазақ қаны құнды болды-ау тым аса,
Қойша қырып баққан екен,
Қырған екен қынаша.
Қалың тоғай түбіріндей қанша қабір қаптаған...
«Исатайдың орманы» деп айтар едім сұраса.
...Қара Қобда қан сасыды,
Көбік шашып қан ақты,
Қан кірпігін әрең ашып,
Қанды көзбен таң атты.
Қапияда қырғын тапқан қабыландар жанарын,
Қарға шұқып,
Қорқаулар мен қара шыбын талапты.
Жайық үшін жан бергендер,
Еділ үшін егесіп,
Қиғаш үшін қырылғандар —
Қазір бір-бір төбешік...
Басын иіп өтуі керек
Уақыт өзі бұл жерден,
Тағзым етіп тұруы керек келген қоғам төресіп.
Көзін тігіп қасиетті қырларыма шұрайлы,
Кейбір шіркін
«Шекараңды шегерші» деп «сұрайды»,
...«Өлігімнен аттап өт!» деп
Жауларының жолына
Өркөкірек біздің шалдар жатып алған сыңайлы!..
Жыртқанымен,
Құртқанымен,
«Тың игеру! Егіс!» деп,
Ата-баба қабірлерін бітіре алмас тегістеп.
Уақыт өзі аттай алмас аруақтардың үстінен,
Арманда өткен арыс үшін
Бұдан асар жеңіс жоқ!





Пікір жазу