12.06.2022
  105


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚЫШ ҚҰМЫРА. ХІІІ-ҒАСЫР

Замандардан
Заман өткен зымыран,
Қырсыққанда
Қырық іріген қымыран...
Жар астынан,
Жағасынан Жайықтың
Жарқ етті ғой қазып алған құмыраң!
Сарайшықта
Сақталғандай ұлы күш,
Сайын ханның көзі емес пе бұл ыдыс?
Сайрандар мен
Ойрандардан сау жеткен,
Құмыраның кейпіндегі құбылыс.
Жайық жатыр жұртын құшып қаланың...
Жаға кезген жалаңаяқ бала кім?
Сыры кетіп,
Сыны қалған,
Сар көзе,
Сарғайған бір суретіндей сананың.
О, Сарайшық,
Тоғыз жолдың торабы,
Саған сіңген сартап сүрлеу сорабы.
Ыдыс деген
Ырымы ғой ырыстың,
Қазағымның құты қашқан жоқ әлі!





Пікір жазу