12.06.2022
101
САРАЙШЫҚ. ҚЫЛҚАЛАМ
Жайық бойы —
Жарлауыт,
Жар басына жолай шық.
Ақ толқынға арбалып,
Мызғып жатыр Сарайшық.
Толқын орған топырақ,
Торлама қыш, зер-айшық...
Тарихыңды оқып ап,
Толқып тұрмын, Сарайшық.
О, армысың,
Астанам,
Аруағыңа берем дем,
Жайық құсап жасқана
Құшағыңа енем мен.
Көне сурет көлбеңдеп,
Көрсеткендей киесін,
Күн астынан керуен кеп,
Шөгергендей түйесін.
Пайда болып ғайыптан, —
Ару қыз бен жас сарбаз,
Ат суарды Жайықтан...
Айтайыншы ақсарбас.
О, Сарайшық!
Расында
Сиқырыңа шөлдегем,
Тусам сол бір ғасырда
Өлер едім сенде мен!