12.06.2022
  120


Автор: Жангелді Немеребай

БАТАНДЫ БЕР ҚОЛ ЖАЙЫП

I
Шуағын төгіп көктем де келді нұрланып,
Самал жел тербеп, бәйшешек белде ырғалып.
Шашуын шашып әжелер менен аналар,
Наурызын тойлап қызыққа батып жүр халық!
Қария - қыстан қауқары кетіп тұр налып,
Бойжеткен - наурыз бой түзеп жатыр жырғалып.
Күн менен түннің теңесер шағын көп күткен,
Бозбала – сәуір көз қадап тұр-ау ұрланып.
ІІ
Ұзын сарыдан ұзаққа кетіп ес жиып,
Төрт түлік төлдеп жатырмыз аққа мол байып.
Қыр жақтан келген Қыдырдың даусын естиік,
Халқыма мынау батаңды бер деп, қол жайып.
Ұлыстың күні ұлы күн болды бәрі үшін,
Алаштың жұрты алқалы тойда бас қосып.
Қыдырдың берген батасы елге дарысын,
Жаңа жыл сайын адамдар жасқа жас қосып...





Пікір жазу