12.06.2022
97
МҮШӘЙРАДА
Поэзия күні болды бүгін ерек,
Ілияс атамыздың жыры демеп.
Мүшәйраға жиылып жас ақындар
Жыр оқыды ескерткіш түбіне кеп.
Ақ қағазға әкелген тізіп өлең,
Шабыттанды ұлы да қызыменен.
Жерұйық Жетісуды жырға қосты,
Ілияс Жансүгірдің ізіменен.
Мүшәйра дегеніңіз - майдан әлем,
Жарысуда қанатын жайған өрен.
Шалыс басқан кездесті ақындар да,
Қалыбына құйылмай қайран өлең.
Тәкаппар тас мүсіннің жаны бардай,
Қуанып ал біресе налығандай.
Малдас құрып биіктен шолып тұрды,
Дегендей қара өлеңнің қалы қандай.
Бұл сайыс - ақындардың сынағы еді,
Танылды ақын-ару қыран ері.
Жастардан шықпасына кімдер кепіл,
Болашақ жырдың жүйрік Құлагері.