12.06.2022
108
О,МУЗА…
Өлең жазбай кеттім-ау көптен бері,
Өткен күннің оралмай көктем лебі.
Асуынан асырмай жатыр шіркін,
Көлденеңдеп тірліктің көк белдері.
Шабысымды мен әлде шектеу қылып,
Жыр асауды жүрмін бе ерттеу біліп.
Той-думаннан кеттім бе қызық іздеп,
Абыройды төктім бе көптеу күліп.
Қайда жүрсің, о, муза, сағым-елес,
Қажет еді өзіңнен тағы кеңес.
Жырсыз маған бұл өмір көлеңкелі,
Жырсыз маған бұл дүние жарық емес.
Талай дарын саған тер төккен еді,
Ағат айтсам о, муза, сөкпе мені.
Шабытымды одан да шарықтатып,
Алып ұшып кетсеңші көкке мені.