КАМЕЛИЯ
Ақ қардың арасында тауда көшкен,
Тап-таза шаң-тозаңнан аулақ өскен.
Камелия дейтұғын гүлді көріп,
Бір сәтке айырылып қалғам естен.
Көп гүлдер көркіне оның тең келмеген,
Керімсал неткен сұлу мен көрмеген?!
Сағағы самал желмен ырғалғанда,
Менің де жүрегімде тербелді өлең.
Арудай алатұғын күліп қарсы,
(Кейпіңнен кербезденген сыр ұқсамшы)
Көзіндей жәудір қыздың мөлдіреген,
Жапырақ жанарыңда тұнық тамшы.
О,Камелия!
Жаралған ерек мөлдір,
Сезіміңмен жанымды қоректендір.
Жетер ме екен өзіңе,бекер ме әлде,
Саған дейін сан түрлі мен өпкен гүл?!.
Қайықсыз қасіретті кешіп ерен,
Шер жұтып,мұңға батты-ау есіл өлең.
Сәбиін жүрегімнің жұбатайын,
Өмірге өкпе артамын несіне мен.
Сыйласқан артта іні,алдымда аға,
(Еркелікпен сайран да салдым дара)
Кей-кейде түсірсе де шырғалаңға
Түсінікпен қарадым тағдырға да.
Достықтың өлкесінде өрісі кең,
Таныдым тілектесті көп ішінен.
Қас қылған дұшпанға да кектенбедім,
Құндырақ өмір маған сонысымен.
Қиялмен мініп талай ерттеп елік,
Сезіммен түстім қанша өртке келіп.
Махаббат машахаты жеңе алмаған,
Ақын едім сүю мен сертке берік...