12.06.2022
138
ДАЛА КЕШІ
Елге барам, елге барам,
Сыр бойына барамын...
Жас денесін желге ораған
Ұлымын ғой даланың.
Жаяу-жалпы қырға шығып.
Қыраттардан асамын,
Кеудем толқып, бір басылып,
Жан сырымды ашамын.
Бірақ құмар емеспін көп
Шампунь деген уыңа,
Шашымды мен тез өссін деп
Жуам жаңбыр суына.
Шүпілдеген майдың нұры
Тас төбемнен саулайды.
Сонау дымқыл сайдың гүлі
Сұңғақ қыздан аумайды.
Соқпақпенен сенделемін
Гүл көмкерген жиегін.
Аруларға жол беремін,
Басымды үнсіз иемін.
...Ойымда жоқ қайту əлі,
Түзбен сырлас бола алам.
Ымырт түсіп Ай туады,
Үйге сонда оралам.
Сағыныштан ерік кеткен...
Сыбдыр қағып бал құрақ.
Сансыз жұлдыз төніп көктен,
Ұйықтап кетем балбырап...