12.06.2022
115
1986-1987 жыл
Күз салқыны. Қурап қалған
Жапырақтар желмен ұшып,
Жөңкіліп бұлт будақталған,
Шулап талдар тербелісіп,
Бақта бір қыз жылап отыр.
Қызыл ымырт уілдеді,
Ызғын демін тереңнен ап,
Қоңыр желдің құйын лебі,
Шашын сипап елеңдеді-ақ.
Күйін-шерін төккен ерен
Ызғырық жел тынады ақыр...
Бақытына өкпелеген
Бақта бір қыз жылап отыр.
Ұйпа-тұйпа жасырады
Өткен ізін жапырақтар.
Көшіп кеткен жас ұланы,
Құлазиды атырап бар.
Төбесіне аспан құлап,
Алқара тау құран оқыр...
Қара көзін жаспен шылап,
Бақта сол қыз жылап отыр.
«Қарындасым, қандасым!» деп
көзін сүртіп, қарасынам...
«Бетің қайтып қалмасын» деп
қаламын да... жəне ашынам.
Қызыл-күрең қалтырап тал,
Өксіп-өксіп тынады ақыр.
Борап желмен жапырақтар,
Бақта сол қыз жылап отыр...