12.06.2022
  101


Автор: Мәди Қайыңбаев

ҚАЙТА АЙНАЛМАС ЖАСТЫҒЫМ...

Гүл жазық..
Ақша бұлттар төкті мұңын,
Сағыныш талып ұшып жетті бүгін.
Құйылған тас төбемнен түскі нұрдай,
Басына бантик байлап өтті күнім...
Қуалап сол бантикті көбелек боп,
«Таяғын» тəтті өмірдің жеген ек көп...
Бұл күнде күрсінеміз үнсіз ғана,
«Балдай шақ өтіп кетті-ау, не керек!» деп.
Теріп жеп қан шие мен қарамықты,
Ыстығын табанымның дала жұтты.
Адасып Сырдың қалың жидесіне,
Жазықсыз қайран күнім жоғалыпты!
Қалыңға кетті сіңіп, ғайып болып,
Мəңгілік жас болуды айып көріп.
Тек қана анда-санда оралады,
Қанатын қанды ымырт боп жайып келіп...
Кей-кейде қорыққандай кешкі ымырттан
Байғыз боп шақырады ескі жұрттан...
Кей-кейде қызыл жел боп ішін тартып,
Гуілдеп, шашын жұлып, есті құртқан.
Қасқыр боп кейде ұлиды тым алыстан,
Үнінен жапырақтар құрақ ұшқан.
...Келмеске кеткен сол бір күндеріммен
Бір тұрып, бір жығылып мың алысқам.
Кеудемді жезтырнақ боп тырнағанда,
Жан жоқтай менен байғұс бұл ғаламда...
Гүл жазық – мұнды аланда тағы, міне,
Жанымды салып қойды-ау шырғалаңға...





Пікір жазу