ҚАЙЫРЫМСЫЗ ҚҰДАЙЛАР
Шыныменен...
Шыныменен рас па –
Тəңірісіз бос жатқаны мына аспан?!
Алла да жоқ, Мария жоқ, Ғайса да...
Сонда мұндай жаңалықты кім ашқан?!
Түбі түсіп... жаңбыр құйып шелектеп,
Будақ-будақ бұлттар босқа неге өтпек?!
Неге менің тілегімді бермейді,
Бар болса егер... осы бала керек деп?!
Сонда қалай, не мақсат бар жалғанда,
Əн де, жыр да... бəрі алдамшы болған ба?!
Жаралған ба аянышты адамзат,
Тұншығып тек өлу үшін арманға?!
Анау ай ше жарып туған түнекті,
Мынау гүл ше лүпілдеткен жүректі.
Сандалдағы сандуғаш ше, бұлбұл ше –
Сайрағанда балқытатын сүйекті?!
Жан-жарым ше – махаббаттың нұрлы əні,
Қамыс кірпік, туған айдан дидары?!
Ал, өзім ше – күндіз-түні өртеніп,
Талықсыған тəтті сезім құрбаны?!
Шыныменен...
Шыныменен рас па –
Тəңірісіз бос жатқаны мына аспан?!
Қайырымсыз Құдайларым, қайдасың,
Түніменен жылап-сықтап сыр ашқан?!
Фəни де жоқ, бақи да жоқ – бары осы.
Жанталасқан жан-жағына қарашы:
Арын сатқан, бəрін сатқан... замана,
Солай дейтін сияқты ғой, шамасы...