ҮШ БАСТЫ АЙДАҺАР НЕМЕСЕ ЖЫЛАН ЖЫЛҒЫ ӘҢГІМЕ
– Биыл қай жыл, қарағым?
– Жылан жылы...
– Е... ірі жыл – ақынның құмар жыры.
Құмарыңды бірақта қандыратын
Əңгімемді айтайын бұдан да ірі.
Ал, сонымен... күшті де, арынды асқан,
Табылса тыңдар пенде жанын да ашқан,
Болыпты баяғыда бір айдаһар
Үш басты,
Үш аузынан жалын шашқан.
Салқар тау, шалқар дала, сағымды аймақ, –
Ұстапты уысында, қамын да ойлап.
Үш басы ұлы жерге билік айтып,
Қорғапты, қасиеті қаныңда ойнап.
Демінен дала бүгіп, қала жасып,
Үш басы тату бопты араласып.
...Жыл өтіп жылдардан соң,
Бір күні ақыр
Келіспей қалыпты үшеу қара басып!
Билікті мен айтам деп шықты Ұлы бас,
Ортаншы, ол да шықты шық жуымас.
Кішісі деді тілін жалаңдатып:
– Мен билік жүргізсем де түк құрымас!
Осылай үш жаққа үшеу ала қашты,
Үш басты Құдай ұрып, қара басты.
...Жыртылып дар-ар етіп жүрек, бауыр,
Ұяттан тау өртеніп, дала састы.
Былайғы ел қарық болды тамашаға,
Қызық қой қырқысқанға қараса ана...
Қанғып кеп айдаһарға билік айтты,
Біреуі түскендей боп арашаға.
...Еһ, елім!
Болашағын білмесі хақ,
Қазықсыз керегедей іргесі нақ.
Бірліксіз тірлік жоғын ұғып ең ғой,
Бірлік, ол – бірде желім, бірде сынап!
Соны ойлап дал болды ұлың, шыр етті-ай қыз:
«Біз қалай, қалайша біз гүл атпаймыз?»
Бас көп-ау...
Үш ұлы араз ана-сынды
Қалайша өмір сүреді жүрек байғұс?!