12.06.2022
  94


Автор: Мәди Қайыңбаев

БАЛДАҚТЫ СОВЕТ СОЛДАТЫ

Өткеніне бірге сапар шегістім,
Сыр шертісіп, шарпыстым да тоғыстым...
Оңашада мен жолықтырдым да
Куəгерін кешегі ұлы соғыстың.
Самай шашы бозғылт тартқан шағында,
Алматының апортты алма бағында,
Асатаяқ қылып ұстап балдағын,
Отырса да қаһармандық тағында
Күйінді ол, –
Айрылдым деп досымнан,
Айрылдым деп жиырма бестей жасымнан!
Айрылдым деп өкінбеді əйтсе де
Аяғынан...
Сұлулығын асырған!
Өткір көзі өңменіме қадала:
– Бақыттымын! – деді маған сол аға.
– Бір аяқты бергеніме өкінбен,
Отанымнан шыбын жаным садаға!
Сөйтті-дағы ұшып тұрды орнынан,
Қайсар жүзде жігер оты салды ұран!
...О-оо! Жырлаймын деп оның осы бейнесін,
Енді, міне, таңдарымды таңға ұрам!
Мен ерлікті сүйемін ғой əн қылар!
Тұр ол, – менде аяқ жоқ деп түңілмей,
ЕВРАЗИЯНЫ алшаң басып бүгінде! –
Өйткені оның бір аяғы
Берлиннің
Қалып қойған түбінде!





Пікір жазу