12.06.2022
119
ЕЛІРУ
Қанға тойған қызыл маса – қызыл күн
Көкжиекте ызыңдап,
Жыңғыл тоғайында өлімсіреп үзілді үн,
Күрең айдарларын күз ұрлап.
Үкі болып уфіледі ескі жұрт,
Опыр-топыр биге басты шайтандар.
Қызыл ала көшті бұлт,
Қара қаңбақ қайқаңдап.
Төрт құбыла төрт көзімен
Төрт жағымнан үңілді.
Алып кетсе жақсы болар еді дертті өзімен,
Жон арқама ыстық демі білінді.
Анам болып – бүкіл бұл ғалам,
«Суф!», «Суф!»-лейді жертөледе – жай тамда.
Жыңғыл тоғайларының күрең айдарларын ұрлаған,
Мен ойлаймын, сірə, шайтандар...
«Қайтарыңдар!»,
«Қайтарыңдар!», – дейді анам,
«Суф!»-леп.
...Үлкен көзді үкі мен болам,
Ескі жұрттан шошындырған уфілеп.
Ей, шайтандар,
Қайтармасаң, қайтарма!