12.06.2022
  127


Автор: Мәди Қайыңбаев

ҰЛЫЛЫҚ

Бiрде мынадай болды:
Батар күннiң аясында қан шиеге сүйенiп,
Ақын тұрды өле мас боп – тiрi өлiк.
Иелiк те ете алмайды өзiне,
«Түһ!» дедi бiр шiренiп.
«Түкiрдiм, – деп, – сендей фəни жалғанға!»,
Былш еткiздi дидарына дүниенiң көркем бек.
Шиелердiң қызыл көзi – бар маңда,
Аң-таң болды жəутеңдеп.
Елеңдесiп құлақтары, сөгiлдi,
Қылығына қайран қалып пақырдың.
Бөтелкеден қып-қызыл боп төгiлдi
Жан сарайы ақынның.
– Ұлы емеспiн мен деген!
Кiм шығарған мұндай пасық мақтауды.
Сондай сөзге о басында-ақ сенбегем,
Сүймеймiн мен оттауды!
«Ұлысың сен!» дегенге
Желiгердей не етiп ем?!
Құрысын-ау!
Қарапайым – дұрысы,
Өкiнем…
Өртенемiн өкiнiп бiр iшкi əлем,
Өкiнiш те құдіреттi күш пе ерен?!
Нем бар едi, Құдай-ау,
Ұмтылып құр… қол жетпейтiн тұсқа мен?!
Бəрi – жалған, жалған деп мен жыр қылам,
Көкiрегiмнен құйылғасын құрғыр əн.
Ұлылық тек Құдайға тəн екенiн
Ұқпадың ба, миғұлам?!
…Басы айналып көкжиек те керiле,
Баса алмайды оттан ыстық демiгiн.
«Күнi бойы ұлысың деп менi де,
Маскүнем ғып құлаттың ғой» дедi Күн.
Адамдардан алаяқ жоқ, тегiнде, ең,
О, Тəңiрiнiң шапағаты, тие гөр!
Сорлы ақынның көгiнен
Шарап болып тамып жатты шиелер…





Пікір жазу