12.06.2022
  195


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

ЕРКІН ЕЛДІҢ ЕР ҚЫЗЫ

Қашан да қайшылықты ар сынаған,
Мөлт етті қара көзден тамшы ғалам.
Бір дәуірдің беймаза күйін шертіп,
Бір ақын шер шабытты қамшылаған.
Қазақпын қақ жаратын қара қылды,
Анамын, қадірімді бала білді.
Гендерлік саясаттың кем ұғымы
Көңілді көптен бері нала қылды.
Күн кірпігін таңғы бір шыққа малып,
Аспанды қырсықтау бір бұлт қамады.
Бүгінгі әйел-ару назын тыңдап,
Санам сонау көнеге сұқтанады.
Әлкей айтқан ғұн дәурен бал тасына,
Жеробаның шығысы – жартасына
Көркемдеп келіншекті суреттеп,
Салыпты күннің көзін арқасына.
Түбі жоқ тұңғиыққа бекер ендім,
Бар ма екен өткен күннен өтелер күн.
Тасқа түскен хас ару кейпіне еріп,
Саны жоқ сұрақтарға жетелендім.
Тас суретке санамды ұйдырып ем,
Тас таңба елес берді күй тілімен.
Сындарлы нәзік тұлға таяқ ұстап,
Қабанды сескентіп тұр сиқырымен.
Адам түгіл хайуанды бағындырған,
Тас таңбалар бүгінге таным қылған.
Жігеріне түнетіп садақ ұшын,
Қабан мен ерді қоса бағындырған.
Тас бейне құдіретін аршып есім,
Қарап ем, сиқыр қылық қарсы кесін.
Жүрелей жебе тартқан әйел батыр
Табанда тойтарып тұр қарсы иесін.
Билеуші абыз ана сармат қанды
Тарихта талай ғасыр салмақталды.
Ерлермен қатар тұрған найзалы ана
Тас таңба боп бүгінге ардақталды.
Сырына қайран қалдым бай қылықтың,
Тектілігін сақтаған ойлы жұрттың.
Заманалар сынынан сүрінбеген
Ғасырлар аруына ой жүгірттім.
* * *
Тас таңба – ару қандай сүйікті еді,
Отанын, елін, жерін иіткені.
Бес белес биігінен көз салып ем,
Әйели жан әлемім биіктеді.
Тас таңба күнге қарап салыныпты,
Ер аналар айнымас, ары мықты.
Томирис, ер Назымнан өнеге алған
Аруларға дүйім ел бағыныпты.
Қашанда даналықты дала білген,
Замана өзгерсе де сан ағынмен.
Әр дәуірдің ержүрек әйелдері
Бір ұлтқа үлгі-өнеге бола білген.
Қобыздың қоңыр үнін шертіп қалып,
Құба белде барады Қорқыт қалып.
Ерлермен бірдей жүрген жаужүректер
Тас бетіне шыққандай балқып барып.
Бегім ана, Домалақ, Айпара ана,
Тектілігі тарихтан байқала ма?
Күмбездер, кесенелер, мұнаралар
Әр заманнан сыр шертті ой-санаға.
Ананы ұлағатқа байлам қылған,
Тарих – сыр, тұңғиықтан ойландырған.
Мұрын, Жанай, Нарбота, Айбикені
Тұтас бір руларға айналдарған.
Сондықтан орындалмай жат арманы,
Қарқабат, Қызай ана – қатаң заңы.
Елдігімді танытар ұрандардың
Ғажайып ана атымен аталғаны.
Кемпір тас, қыз тастар бар гүл бөктерген,
Келіншек тас тауға ынтық ілмектелген.
Сахараның сайын дала төскейінде
Тастар көп ана атымен құрметтелген.
Батыс-шығыс керуені сан қорғаннан,
Жүріп өткен жолында жан қорғанған.
Әйелдің аты аталған қаланы естіп,
Қағыпты таңдайларын таңғалғаннан.
Бар ма екен адамдықты арға балау,
Еңсені езіп барады талма қанау.
Қыз қадірін айрықша қастерлеген,
Оғыздың ұрпақтары қалмаған-ау?
Боздаған боз даладан маза кетіп,
Бір үміт, бір күдікке сана бекіп.
Орта ғасыр оғызынан келе жатқан
Әйелдерді ардақтау барады өтіп.
Дүниені дөңгелетіп төрткүл ені,
Тарихтың бүлк-бүлк етіп қарт жүрегі.
Тас таңба өнерінде сайрап жатқан
Тым шалқар әйел-әлем тартты мені.
Ақбілек, Айқыз ару – дара қыздар,
Айғаным, Айша бибі – ана аңыздар.
Отбасының бақытын, ел тағдырын
Билеуші әйелдердің бәрі – абыздар.
Ғашықтықта ержүрек асыл Баян,
Қыз Жібек ардақ тұтқан асылға аян.
Шыңғысхан Бөрте ханым ақылымен
Әлемді жаулағаны ғасырға аян.
Жиреншені шешен деп аңыз қылған,
Табанда тапқыр етіп, абыз қылған.
Әйгілі Қарашаштың ақылы еді
Хан әдейі уәзіріне алғыздырған.
Расты тек аңыз ғып айта алғанбыз,
Тарихта талай мәрте шайқалғанбыз.
«Мың бір түнді» тербетіп ақылымен,
Қайда сол хан райын қайтарған қыз?!
Шуақ пен мейірімге дала күлген,
Бесігін де тербеткен ана жырмен.
Ер Төстіктің ақылды жары – Кенже
Қапыда жолсыздан жол таба білген.
Бір құдірет күйіне жаным үндеп,
Мен де отырмын бір жұрттың арымын деп.
Мың сан құрмет әкелген тас таңбалар
Салмағын таразылай танығым кеп.
Бізде әлі көп кемдік бар ойланбаған,
Кейде бір нақыл сөзге қойғанда мән.
Әйел-ана болмысын бедерлеп кеп,
«Ақылы қысқа» дегенге қайран қалам.
Батырды, ақынды да, қай тұлғаны,
Әйтеуір, орден тағып айқындады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында
Аналардың ерлігі айтылмады.
Күн туған ол да өмірдің кезеңі еді,
Жалған дүние жалғанға тез енеді.
Бір ауылдың бейнетін арқалаған
Аналарды сомдады сөз өнері.
Үлгі еді, мақтан еді күн ілгері,
Еңбек ері неге жоқ бұл күндері?!
Еркіндік алған елде айтылмай жүр
Кәмшат пен Жадыраның сіңлілері.
Бел көтермес жүкті нар өңгере ме,
Әйел күші ерлікпен тең келе ме?
Ерлермен бірге жүріп еңбек еткен
Тарлан қыздар айтылмайды елде неге?!
Ей, Аллам, мендегі ойды айтпай білгіз,
Немкетті ойдан неге біз қайтпай жүрміз?
Тәуелсіз еліміздің ер қыздарын
Үлгі етіп, неге біздер айтпай жүрміз?!
Қасиеттің белгілі хаққа бағы,
Кейде, рас, кездейсоқтық бақ табады.
Өмірдің шындығы тек сахна мен
Өнердің бедерінде қатталады.
Тұндырып тылсым үнін тұма жырдың,
Ұлпан, Раушан – қыздары құба қырдың.
Ғабеңдердің тілімен бізге жеткен
Аналардың рухына дұға қылдым.
Хақ өзі сыйға берген сан қылықтың,
Әйелге бұйырғаны заңдылық құн.
Сақтар мен ғұндар сүрген замандағы
Бүгінге жеткен бәлкім жаңғырықпын.
* * *
Мынау заман төзімді талдырады,
Сол аяқты оң аяқ аңдығаны.
Қайыспай ердің жүгін арқалап жүр
Бүгінде қайсар елдің балқұрағы.
Әйел-ару көрікті жақынымен,
Сөндірмей ошағының отын үрген.
Қиын-қыстау кезеңде сол арулар
Сасып жүріп жол тапқан ақылымен.
Текті жерден бабалар қыз алған-ды,
Бар әлі хас арулар қыран қанды.
Желтоқсанда жаулығын жерге тастап,
Жас арулар қорғаған ұландарды.
Тақымынан тартқылап талапты ерді,
Нарық кеп нар ұлдарды қанап көрді.
Өзіміз бөлек отау құрған жылдар
Әр қазаққа әр қырдан сабақ берді.
Қыспаққа ап, шайқап көріп нарықты елді,
Өзінше өзгерісін алып келді.
Саудаға икемі жоқ қайран қазақ
Күн көру қиындығын анық көрді.
Беймәлім сыны қатал нарықтықты,
Ертеңгісі бұлыңғыр халық күпті.
Жұмыс жоқ, кәсібі жоқ көп отбасын
Әйелдер дорба тасып алып шықты.
Сауда өнері – қашан да қату жолы,
Ақшаның көрген жоқпын тату жолын.
Әйелдер мөшек сүйреп, Қытай асып,
Еркектерге үйретті сату жолын.
Жатты да, жақынды да танығандай,
Ұлт үшін ұрпақ үшін жаны қалмай,
Азаматқа бергісіз нар қыздар бар,
Жүрміз-ау саясат деп соны ұға алмай.
Қазағым қашаннан да зор тынысты,
Қыздарын құнттамаудың арты күшті.
«Қыз – қонақ» деп құрметтеп төр ұсынған
Көргенді елдің бүгіні қорқынышты.
Қазақ қызы – үлгісі тазалықтың,
Тектілігін танытқан даналықтың.
Намысты үнемі өрге қамшылатқан
Қайраткер қыздары осы ғажап ұлттың.
Ой балқып алпыс екі тамырымда,
Арманым – сары дала сағымында.
Ұлы тарих көшіне ене бердім,
Тәуелсіз елдігімді таныдым да.
Жақсының жақсылығын жалғаса дем,
Жыр куә, сыр жасырып қалмас өлең.
Еркіндігін енді алған тұңғыш елдің
Еңбекқор қызын жазған алғаш өлең.
* * *
Дүйімге аян Семейді ел біледі,
Өнер десе бұл өлке елжіреді.
Ақын мен батырлардың ізі қалған
Семейім ежелден ақ белгілі еді.
Қаңлының бір баласы – Төлепберген,
Бір алла бұл пендесін жебеп келген.
Қатардан көш ілгері болуды ойлап,
Отбасын тірлігінде ерек көрген.
Айпара ана лебізінен бата көшкен,
Ақылы қайратымен қатар ескен.
Қара Ертістің бойында қараша үйде
Желкілдеп жеті бала қатар өскен.
Би Кеңгірбай бір елдің төресі еді,
Болжаған ұрпағының келешегін.
Төлепберген таңдаған Қалимаш та
Тегі мықты, осал жан емес еді.
Қарапайым ортада биік күші,
Елінің, ерінің де сүйіктісі.
Кеңгірбай, Айпарадай тектен шыққан
Бұл әулет – бір ауылдың ұйытқысы.
Қабидолла – әулеттің бір баласы,
Әкенің ізін басқан ұл баласы.
Қарындасқа қамқор боп, иық сүйер,
Төлепберген жанының бір парасы.
Дариға – жеті бала ішіндегі
Еті тірі, ерекше пысығы еді.
Үлкендерше ойлайтын бөлек бала
«Қуаныш көп болсын» деп кісідегі.
Ойға алса барлығын да үлгеретін,
Ол жүрген жер шаттыққа гүлденетін.
Мектебінен қолы қалт босай қалса,
Анасымен жұмыстан бір келетін.
Бір аңсар, бір арнадан өріліп кеп,
Ата-ана мейіріне беріліп көп.
Қара қыз дара қыз боп бой түзеді,
Алда енді арман еткен тек үміт көп.
Ержетті. Бой түзеді. Армандады,
Қазір шыға келердей алдан бағы.
Жұмыс істеп, әрі оқып, тыным көрмей,
Әсіре оңай іске алданбады.
Ел үшін керілсе екен керегем деп,
Сонда ғана бақытқа бөленем деп,
Жиырма бір жаста ғана жас ұстаз қыз,
Ойлайтын «Қайтсем елге еленем» деп.
Бір тылсым бұғып жатқан кескінінде,
Бұл қыздың айтары бар есті күнге.
Құрбылардың тағдырын безбенге сап,
Болжайтұғын ермек қып ескі күннен.
Кейде бұл қасиетін ар көретін,
Кейде тіпті төрткүлді тар көретін.
Көргеннен-ақ жазмышты жазбай айтар
Дариғаның болжамы дәл келетін.
Бірақ оған өзі аса мән бермейтін,
Ол заман қасиетті таң көрмейтін.
Адамдардың аласын айыратын,
Ішінде бір тылсымы алға өрлейтін.
Мұнда бір тектіліктің сыры бардай,
Іште бір қайсарлығы тыным алмай.
Қатарының алды боп ер жеткен қыз
Қайшылықта жүретін бұрын алда.
***
Әлі есінде сол бір қыс бала қыздың,
Ауылы алыс кеткен қара күздің.
Балалық бал дәуреннен басталмай ма,
Даралықты көрсетер бар аңыздың.
Жоқ еді ол заманда ала дорба,
Болатын жайма базар қара жолда.
Жексенбі сайын ғана болатұғын
Бұл базарды дейтұғын «Барахолка».
Көп дүние табылмайтын ол заманда,
Кейде бір іздегенің болмағанда.
Қаланың үлкен-кіші, кәрі-жасы
Жоғын іздеп баратын сол базарға.
Жексенбі. Қақаған қыс, ызғар еді,
Сонда да базар маңы қызған еді.
Базарға бет түзеген Дариға мен
Құрбысы да студент қыздар еді.
Ананы-мынаны да бағаласып,
Базарда жүргендермен жағаласып.
Жайманың бас-аяғын шолып жүріп,
Бұлар да кетті жұртпен араласып.
Саудасын өздерінше жылдам алып,
Керегін қадірінше жырғап алып.
Түс ауып кеткенін де байқамапты,
Мұндайда кетеді уақыт зырлап ағып.
Екеуі де білмепті, тоңазыпты,
Қайтеді, керегін де мол алыпты.
Жайма базар мүлкіне көз арбатып
Басынан аяғына оралыпты.
Саудагердің саудасын жалындырып,
Керегіне қолдағы барын жырып.
Көңілі хош қос құрбы қайтты үйіне
Бет қарыған аязды бағындырып.
Көңіл шіркін тоғайып, тасынады,
Сырт көзден тоңғанын да жасырады.
Базардан жоғын тауып қайтқан қыздар
Үйге қарай жетуге асығады.
Сары аяз қайтар емес тектіленіп,
«Аялдама алыстап кетті не ғып?».
Адамдар көп жүретін соқпақ жолда
Нан жатыр аяқ асты тепкіленіп.
Қайран дихан еңбегі өтелмеді,
«Нан болса – ән болғаны» бекер ме еді?
Базарлық ап қайтқандар қайыр қылып,
«Ас атасы – нанды» ешкім көтермеді.
Дариға нанды көріп кілт бөгелді,
Қойсаңшы пенде қылық жұрт дегенді...
«Нанды жерден көтерсе қайтеді?» – деп,
Ішкі бір толғанысқа күрт кенелді.
Еңкейіп нанды алуға күй кемейді,
Кеудені аяныш бір күй кенейді.
Кідіріп тұрып қалған Дариғаны
«Жүр, жүр» деп құрбы қызы сүйрелейді.
Бойжеткен ішкі ойымен бек күресіп,
Беймаза ізгілік пен текті кешіп.
«Жұрт бізге қарап тұр ғой, жүр» деген соң,
Еріксіз құрбысымен кетті ілесіп.
Бір жүйеге бағыттап ой-тарамды,
«Пенделікке билетпен ой-санамды».
Құлағына бір дауыс «Қайт» дегендей,
Орта жол жүріп барып қайта оралды.
Дірілдеп тоңғанына қарамады,
Қадірлеу ас атасын – бар амалы.
Қар үстінде домалап жатқан нанды
Көтерді, оны ұят деп санамады.
Нанды алып құшағына қыса берді,
Жатқанын аяқ асты құса көрді.
Құраннан да жоғары қадірлі асты
Биікке қоямын деп ұша берді.
Жан-жағын шолып көрді, ерінбеді,
Маңайда қояр биік көрінбеді.
«Аш сияқты неге алдың?» деп жекіген
Құрбының сын сөзіне берілмеді.
Рақым үшін ешкімнен тақ қаламай,
Бұл қылықтың құрбыға жақпағаны-ай.
Нанды алып құшағына қысқан күйі
Бет алды аялдама жаққа қарай.
Пендеңді қырсығыңнан сақта, құдай,
Астамшылық болар ма баққа бұлай?
Бір түйір нан – маңдай тер, ел ырысы,
Аяқ асты ырыстың жатқанын-ай!
«Егер мен бұрылмасам қайта барып,
Арым маза бермес» деп ойға қалып.
Аялдама маңында құйма тастың
Үстіне қадірлі асты қойды апарып.
Бір үлкен жүк түскендей патша жаны,
Жеңілдеп сала берді барша халі.
Қыз қылығын манадан байқап тұрды
Қария орыстың бір ақсақалы.
Аппақ сақал, ақ пейіл, шын мейірмен,
Арқасын қағып тұрып күнгей үнмен.
«О, бог вам блогославит, милая», – деп
Жалпылдап, риза болды шын пейілмен.
Бұл істің жоқ ерекше айырымы,
Бірақ та, айтуға бар пайым үні.
Рақымшыл Дариғаның жұрт алдында
Бұл ең алғаш жасаған қайырымы.
Туған елдің өткені, болашағы,
Сағым боп шығады алдан дала таңы.
Сол қария батасы қабыл болып,
Дариғаның ашылды жан ошағы.
* * *
Жаратқанның жаны ізгі өнерліге,
Тағдыр өзі жол салар келер күнге.
Қыздырып кейбіреудің көкірегін,
Жұмысы қыза түсті кемелдене.
Тамырласып туған жер кіндігімен,
Берік ұстап тәуелсіздік тізгінінен.
Ұстаздықты тапсырып өзгелерге,
Үлкен істі бастады ізгі күннен.
Бастаған бақ жолына, дәулетіне,
Абай елі – Шыңғыстау тау бетінде.
Алма мойын аршын төс Дариға ару
Келін болды Медетхан әулетіне.
Бар ниет қосағымен қоса ағарып,
Алда талай тірліктің тосады әні.
«Келін» сөздің түбірі «кел, ен» деген,
Дариға аттады алтын босағаны.
Сәтті болды Қанатпен отасуы,
Қыздың жолы қашаннан жат асуы.
Босағаны аттаған құт келін боп,
Кеңгірбай би атаның бата сыры.
Күндер алда байсалды баққа еретін,
Қанат та Дариғасын бақ көретін.
Кейде бір қиналатын сәттерінде
Ақылымен сара жол сап беретін.
Тумысынан салмақтап өре жүгін,
Білетін-ді сабырдың жеңетінін.
Дариғасы сан мәрте дәлелдеді
Текті әйелдің төзімді келетінін.
Қанаттың босағасы бекем бүгін,
Ер мұратын еңсерген өтелді күн.
Дариға – үй серігі ғана емес,
Өмірде жан серігі екендігін.
Қанаттай азаматтың сүйіктісі,
Отбасында әйел-ана биік кісі.
Бейбарыс, Нұрсұлтан мен Мархабаты –
Бір әулет, үш перзенттің ұйытқысы.
Өмір кейде ертегінің өзіндей боп,
Мақсаттың мәресінің өзі бейнет,
Жолсыздан жол таба алар Дариға қыз
Шуақ пен мейірімнің көзіндей боп.
Нарықта жеңіс те бар, жеңілу бар,
Кейде жуас, кейде озық, шегіну бар.
Қолы шыққан ойыншы картасындай
Кейде ұтып, кейде ұтысқа берілу бар.
Дариға осылардың бәрін көрді,
Аяқсыз тастамады жарым жерді.
Қайтсем елдің сауабын аламын деп,
Асаудың жалын ұстап ағымға ерді.
Кең дүние кейде ол үшін тарылғанда,
Төзімінің қауызы жарылғанда,
Тоба айтып, бір аллаға құлшылық қып,
Кеңгірбай би басында арылған-ды.
Кейде бір игі істердің жолы қатты,
«Келтір, Алла, орайын» деп оның сәтті
Би ата басындағы қараша үйде
Дариға отбасымен қонып жатты.
Таң сыз бере әулие кіріп келді,
Бір риза кейіппен күліп келді.
Дариғаны төсектен тұрғызып ап,
Маңдайына көп жазу сызып берді.
Бақыт деген келмейді оңайлықпен,
Сен жүрген жер құт болар, талай күткен.
«Балам, саған беретін батам осы», –
Деді де кете барды жол айрықпен.
Өңі ме, түсі ме әлде, біле алмады,
Бұл сырдың түп негізін ұға алмады.
Оянғанда байқады маңдайдағы
Жазған жердің қанталап, қызарғанын.
Бұл, әрине, Би ата аяны еді,
Маңдайды сызған аса таяғы еді.
«Маңдайыңа жазғанын көресің» деп,
Пендеге тағдыр жазған баяны еді.
Бұл жайлы жан адамға тіс жармады,
Бойында бұғып жатты ішкі арманы.
Қасиетті бабаны кие тұтып,
Дұрыс қой сырын іште ұстанғаны.
Сол түннен Дариға қыз қуат алды,
Көңілде көп түйткілді жұбата алды.
Тамырында солқылдап тектілігі,
Тәуекелдің қайығын сыната алды.
Жақсы сөз – жақсылық па, имеген соң,
Жақсының құнын білмес, сүймеген соң.
Әсіре адамдықтың не құны бар,
Тар жерде шапағаты тимеген соң?
Тағдыр қанша жанардан жас тамызды,
Ей, Аллам, сақтай гөр бұл қасқа қызды.
Ұлылар мекенінің демін жұтқан,
Бақ көрген Абай, Мұхтар басқан ізді.
Тек қана жақсылыққа жарағандай,
Қазақ қызын өсірген дала қандай.
Би ата басындағы көрген аян
Жаратқанның бір өзі қалағандай.
Тартылып төзімдердің тас бұлағы,
Пәтер екен өмірдің басты мәні.
Кез келген бас бармақтай отбасында
Шаңырақ мәселесі басты ұрады.
Жұртының тыңдасам деп сөз сұлуын,
Күндіз-түні алмады көз шырымын.
«Әр отбасын қуантып жүрейін» деп,
Үй салудан бастады өз тұғырын.
Бұл кәсіптен белгісіз бақ табары,
Саудасы да шығынын ақтамады.
«Не болса да тәуекел» деген ару
Елорда – Астанаға аттанады.
Нарықтың нар сынынан аласармай,
Аусарлау кей жігітпен таласардай.
Тау көтермес салмақты көтере алды,
Қайсарлығы өзіне жарасардай.
Бар шығар тағдырдың да бір білгені,
Пенделікке сабырын ілдірмеді.
Топ құрып, үй салуды бастап кетті,
Суықты, бар мен жоқты білдірмеді.
Қарапайым қазақтың қауымына,
Қамқор боп бар қазақтың бауырына.
Астанада зәулім үй салып жатты,
Қарамай артқан жүктің ауырына.
Шежіресін шертіп қап көне дала,
Қайратыңды қамшылар өре ғана.
Дариғаның табанды еңбек сүтін
Безбенге сап бұл пенде көре ала ма?!
Жолын тауып кәсіптің дара тілін,
Қайдан білсін бағының жанатынын.
Даналар бір-ақ сөзбен қалай айтқан
«Қапыда қатын ақыл табатынын».
Үлгеретін қала мен далаға да,
Елге –жар, түзде – бастық, балаға – ана.
«Аққа құдай жақ» деген қазағымның
Бас ием даналығына бола ғана.
Көңілін бар қазақтың қимаған жан,
Алғысын көпшіліктің жинаған жан.
Астанада мыңнан аса отбасына
Шаңырақтың бақытын сыйлаған жан.
Өжет қыз өткірлігін сынатып күн,
Көлігін де өзі айдап жуасытты.
Күтуші ұстап, қол жұмсап көрмеген жан
Орайын таба білген уақыттың.
Отбасын орай жүріп бақ табады,
Балаларды мектепке ап барады.
Шет елдің бес әйелі істер істі
Қазақтың бір әйелі атқарады.
Жеңіл деп дайын жеміс терген емес,
Дайынды ешкім жасап берген емес.
Төзімнің ережесін көрген ару
Төс ұрып, төрге озып көрген емес.
Бұл айтқан жәй сөз емес, кез келгесін,
Жол айрықтан жол тапсаң – безбенге сын.
Екі қолға бір күрек таппай жүрген
«Тепсе темір үзетін» ерлерге сын.
Ешқашан кеудесіне нан піспеген,
Еңбек етіп келеді бар күшпенен.
Мінезі мейіріммен мол пішілген,
Көсегесін көгерткен алғыспенен.
Жұртының алғысымен шуақтанып,
Күшікбай кезеңінен суаттанып.
Семейге елін-жұртын сағынып кеп,
Тағзым етіп қайтады қуаттанып.
Дариға қашан да елмен бірлесетін,
Арманы қиялымен бірге өсетін.
Бір ескерткіш тұрғызсам деген оймен
Би ата аруағымен тілдесетін.
Қазығұрт баба туған мекені еді,
Баба арманы ұрпақпен өтеледі.
«Адам жақсы болмағы – нағашыдан»,
Дариғаны тың ойға жетеледі.
Кеңгірбай би – кеудесі тұнған арман,
Абылай хан, Тіленшіден тың нәр алған.
Тарихта өз орны бар абыз баба
Бата алыпты тарихи тұлғалардан.
Қабыл болып іштегі ізгі ес мәңгі,
Бабалар мұратына үндес жан-ды.
Жар салмай-ақ, төсіне туған жердің
Кеңгірбай би басына күмбез салды.
Күмбезге бір қамқоршы сайландырды,
Көңілде бір парызды байлам қылды.
Мұрагер қыз мұнара салғызды да,
Халқының қажетіне айналдырды.
Расында қасиеттің жөні мықты,
Би ата аяны жөн көрініпті.
Дариға қыз салғызған сол ескерткіш
Мемлекет қамқорына беріліпті.
Көңілі тірлік күйін толғады да,
Сақтықпен қарайды ылғи алдағыға.
Қайратын қамшылайды одан әрі
Қазақтың Дариғасы болғанына.
Тектілік ұлылықтан қалған шығар,
Текті аян Ұлы өлкеден алған шығар.
Еліне қамқор болған ұлықты қыз
Әрқашан ақылымен алдан шығар.
Дариға үшін қуанған шақтар ғажап,
Бір қыздың бұл ерлігі тақтарға дат.
Тау көтермес салмақты көтеріп ап,
Тәуелсіздік кірпішін жатқан қалап.
* * *
Тауқыметін өмірдің кім түсінген,
Жеткіздім бір ерлікті жыр күшімен.
Астананың аспанын айшықтатып,
Әрлендірген әдемі күлкісімен.
Қашан да жақ дейді ғой аққа құдай,
Кеңдігін таныта ма ел баққа бұлай?
Әлдеқайда алға озған құл-құтаннан
Қарапайым қайсар қызды сақта, құдай.
Әлде сақ, әлде ғұн ба арғы бабам,
Әйтеуір бір білерін жазды қалам.
Бізге жеткен Күлтегін жазған жырды
Таспен қалап осылай салды балаң.
Ұлт үшін туған жандар елін демер,
Қыздар бар ерге лайық сенімге ерер.
Азаматтан аруын кем көрмес ел
Келер күннің төрінен орын берер.
Бір ғана тарихты айтып толғанамыз
Ерікті елдің ер қызы болған аңыз.
Астананың әз жұрты құрмет тұтқан
Кешегі ауылда өскен сол қара қыз.
Бұл жырым бір белестен шыға ала ма,
Жасампаз жұрт бұл ойды құп ала ма?
Сұлулық пен әсемдікті көрмейтіндер
Кеңдік пен биіктікті ұға ала ма?!
Тіршілік тыным алмай жанданады,
Күн- әке, Жер-анаға таңғалады.
Ана мен Күн нұрының шуағынан
Тұтасып Аспан мен Жер жалғанады.
Күн-әке маңдай сүйіп, төбеме төн,
Жер жаһанды көтерер көген екен.
«Мықты болсаң жердей бол» деген бабам
Қара жерді «Жер-ана» деген екен.
Күн-әке – көктен қарап от әлегі,
Мінезін жерге шағып өтеледі.
Тіршіліктің бар ауыр құбылысын
Қайыспайтын қара жер көтереді.
Күн мінезді әке ісі жаза ғана,
Жаңбыр, қарын жаудырса, тазара ма?
Қазақтың анаға тән бар мінезін
Жер- Анадан үйренген ғажап Ана.
Күн көктен жер бетіне алау шашып,
Тұрғандай ыстық құшақ ғаламға ашып.
Күн-әке Жер-анаға құмартқан соң,
Әйелге ғалам ғашық, адам ғашық.
Бұл менің өмірдегі көрген шыным,
Қашан да қалт кетпеген елден сырым.
Жерді Ана, Аспанды Әке деп түсінген
Беймаза табиғаттың перзентімін.
Сөз кие – бағынышты болды маған,
О, тоба, көрсете гөр оңды ғалам.
Тәуелсіз елдің қызын жырмен сомдап,
Ертеңге үнім жетсе болды маған...





Пікір жазу