12.06.2022
  229


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

ҚҰРСАҚСЫЗ АНА

І
Шыңғыстаудың көргенде құба таңын,
Тиянағы жоқ ойды жұбатамын.
Мен осындай тынымсыз тiршiлiкте
Ешкiм бiлмес бiр жайдан сыр ашамын.
Мансұқ тұтып Семейдiң құла таңын,
Ана жанын жалпыға сынатамын.
Кiлтiн ашып шытырман құпияның,
Сезiмнен сыр, көзден жас құлатамын.
Ей, бiлгiшім, атомшыл даналарым,
Ғасырыңды қалайша жараладың?
Сезесiң бе полигон қасiретiн,
Естiдiң бе «құрсақсыз ана» барын?!
Қасiретiн бiлемiз Неваданың,
Естiгенбiз есiмiн Женеваның.
Қара жердi тапсырып туар таңға,
Жан жарасын айтайын мен ананың.
* * *
Ұлылықтың Қарауыл бiр өлкесi,
Ақын мен батыр жортқан жыр өлкесi.
Албырт күнге алаңсыз асық болып,
Бiр әулеттiң бойжеттi бiр еркесi.
Көргенде көркiне көз сұғынатын,
Жанарынан жалын сыр ұғынатын.
Ғашық болған бозбала есi кетiп,
Бұрымына сүрiнiп жығылатын.
Қашан көрсең жүзiнен арай күлген,
Жанына мерей нұрын орай бiлген.
Қыздың жолы жiңiшке екендiгiн
Атам қазақ кезiнде қалай бiлген?!
Ынтық болып бiр жiгiт ажарына,
Тұрмыс құрды, тек соған жазалы ма?
Тарқатылды төсекте асау бұрым
Төзбеу үшiн тағдырдың мазағына.
Жас жұбайлар шаттықтың балын iшiп,
Ғашықтардың қашанда жалын iшi.
Бiр азырақ бiр-бiрiн көре алмаса,
Құшақтасып табысар сағынысып.
Ер жiгiтке бақыт боп қыз алғаны,
Шымылдығын шаттықтың үзе алғаны.
Екi айдан соң жерiк боп келiн жүрдi,
Жар сүйiп, ана болу – қыз арманы.
Мынау жалған дүниеде жалған жырым,
Жас арудың күлкiсi арман бүгiн.
Күйеуiне қымсына сырын айтты,
Аяғының ауырлап қалғандығын.
Ағалықпен алмастырып бала күндi,
Жiгiт ендi отаға бола бiлдi.
Қиялында өзiнен аумайтұғын
Балпанақтай талпынған бала күлдi.
Әке болу бiр ғажап күйдi терiп,
Қуанышы кеттi оның үйдi керiп.
Ыржалаңдап шаттықтан күлiп тұрып,
Келiншегiн құшақтап сүйдi келiп.
Шаттандырып екеуiн сағым тiлек,
Ғашық көңiл жүрекке жалын тiлеп.
Жас отаудың түтiнi түзу ұшты,
Болашақтан жастардың бағын тiлеп.
Бәрiнен де бейхабар ана жүрек,
Қиялымен күтедi баланы тек.
Жетi-сегiз айдан соң бесiгiңде
Балдан тәттi балбөбек болады деп.
Аласұрып кеудеде жынды жүрек,
Күйеуiне көңiлi сұмдық үдеп.
Жұбайлық жұмақты жиi аңсады,
Сезбейтұғын жүректiң сұмдығы жоқ.
Өмiр, шiркiн, табады шын аңғалды,
Көп көрдi ме соншалық қуанғанды?
Жалынымен жастықтың бiлмеген-ау,
Саулығынан бөтендеу сыр аңғарды.
Шарана боп томпайып жасын жаны,
Тәбетi онша тағамға ашылмады.
Жиырмадан жаңа асқан келiншектiң
Бес ай бойы жерiгi басылмады.
Домалақ, Гауһар ана жасын жаны,
Бабалардың болған ғой асыл қаны.
Әлдi үмiтпен әлсiздiк туғызатын
Жасандылық жалғанды басынғаны.
Соғыс бұзған кешегi қан атасын,
Бүгiнгi экология сан отасын.
Тегi бұзық сұйық қан ұясында
Ұйи алмай қамықты жан атасы.
Бiр ауылдың ер қайрат боз баласы,
Жұбайына жаны ашып көзқарасы.
Қауiптендi күптілеу жүктiлiктен,
Қайтедi, маңдайына жазғаны осы.
Жеңгелерден сыр тартып сұрап едi:
– Жас әйел еркелейтiн шығар, – дедi. –
Созылмалы жерiктiк болған шығар,
Ақылды әйел бәрiне шыдар, – дедi.
Жылы сөз тәуекелге байлап белдi,
Шынында солай ма деп ойлап көрдi.
Үш ай емес, бес айдан асып қапты,
– Сәл шыда, – деп жарына қайрат бердi.
– Сен өзiңдi қинама текке, – дедi, –
Емханаға бар, – деп ед, өкпеледi.
Бiр бөтен сөз айтар деп секем алып,
Дәрiгерге баруға беттемедi.
Полигонның көп дейтiн зияндары,
Бiрақ өзiн бұл дертке қия алмады.
– Ақ қыла гөр, ей, алла, бейнетiмдi, –
Деп жас ару тiлегiн тыя алмады.
Сөйтiп ару мезгiлден кешiгулi,
Хақ тағалам, аяма несiбiңдi.
Адам пенде болмаса кеш жүретiн,
Уақыт деген бiлмейдi кешiгудi.
Сөйтiп уақыт алты айға аралатты,
Әлсiздiк күнде ұлғайып бара жатты.
Кұп-қу боп жағы солған жас ананың
Құрсағын түртiп қойып бала жатты.
Ай-күнi де шақ қалып есебiне,
Қазекеңнiң қызық қой есебi де.
Босанғанда бiр қағаз сұрайды деп
Дәрiгердiң келiп тұр есiгiне.
Дәрiгердiң сүйкiмдi көк құрағы:
– Сiз неге кеш келдiңiз? – деп сұрады. –
Жалпы әйелдер саулығы үшiн емес,
Қағаз үшiн кештетiп кеп тұрады.
Анемия, қаның аз, сосын, – дедi, –
Жалпы сiзде әлсiздiк басым, – дедi. –
Қалалық мамандарға сiлтеме, – деп
Қағаз жазып, – жолыңыз болсын, – дедi.
Бiр қауiптен жас ана қарғып өтiп,
«Анемия» санада қалды бекiп.
Бойды қуған бейкүнә бiр болашақ
Құрсағында тулады тарлық етiп.
Жас жұбайын жетектеп бала қыран,
Емхананы тоздырып табанынан.
Жатқызды қалаға әкеп емдетуге,
Келiншектiң сүйдi де жанарынан.
Тексерiп қозы құрсақ жас ананы:
– Қаны төмен құрсақтың осал әлi.
Егер де өздiгiнен босанбаса, –
дедi олар, – операция жасалады.
Мұны қалай жас ару құп алады,
Қолдан келер әйтеуiр жылағаны.
Ай көйлегi желбiреп үй болғанда
Көңiлiнде жоқ едi түк алаңы.
Жас күйеу де тықыршып тұғырында,
Бәрi де заңды едi ғой ғұмырында.
Мынау өмiр аяғыш адамдарды
Тәлкек етiп қояды ғұмырында.
* * *
Ұран тастап Семейге – Невадаға,
Мынау жiгiт атомнан кек ала ма?!
Тастардың да тамыры тепкi көрiп,
Ерiксiзден бекiнген Жер-анаға.
Ана – бала тегi жоқ тақырыпты
Қозғалудың негiзгi затын ұқты.
Ғасырлар бесiгiнде тербетiлiп,
Мүмкiн кеш, мүмкiн ерте асығыпты.
Бойында бiр өзгеше осы күптi,
Әйел де күйеуiнен жасырыпты.
Зардабын ғасыр тартқан бұл атомды
Кiм ойлап шығарды екен басы мықты?!
Жас келiншек тағдырға ұмсынбады,
Қу жаны үшiн ешнеден қымсынбады.
Жағадағы құрақ тал қурап барып,
Лайланған бұлақтан сусындады.
Қу тiрлiктiң қиқулы шуыменен,
Босанатын уақыт та жуық ерен.
Жасын сүртiп Семейдiң топырағына,
Шөлiн басты Семейдiң суыменен.
Қуанышын күдiк ой басым етiп,
Қарайламай барады ғасыр өтiп.
Маңдайына жазылған тағдырменен
Жағаласып жатқандай қасiретi.
Алып ұшқан жас көңiл қурағандай,
Ана жанын қорқыныш суарғандай.
Таба алмайды дертiнiң жан дауасын,
Тек үмiтпен қарайды туар таңға.
Кейде кешкен тiрлiктен шошынады,
Ендi бiрде қуанып басылады.
Заман өзi атомға айналғанда,
Нәзiк көңiл үмiттен тосылады.
Бүлкiлдеген жүрекке жүк артқанда,
Не түседi жүйкенi жұқартқанда?
Шыбын жанын құдайға тапсырады,
Адамдарға сенiмiн жоғалтқанда.
Сырт көздерге болғанмен айбары шын,
Мұның мұңын өзгелер қайдан бiлсiн?!
«Аман-есен босансам жарады-ау» деп
Сырттай ойнап-күлгенмен, майдан iшi.
Асып-тасып тұрғандай айбары шын,
«Полигонның кесірi» – ойдағысы.
Қателiгi ғасырдың бiлiне ме,
Бейуақыттың болмайды айтары шын.
Мынау өмiр өз заңын мойындатып,
«Анемия» әлсiздiктi уайымдатып.
Қанын да ауыстырды күдiктi күн,
Бөтен қанды құйды әкеп қоюлатып.
Тамырынан тамызған сықпа қан сол,
Бойға тарап жатқанмен шықпа жан сол.
Бөгде қанда қасиет қайдан болсын,
Кiндiгiнен қиылып шықпаған соң?!
«Қан керек!» деп емхана шулап жатты,
Жас ару жасты көзiн сулап жатты.
Өгейлiгiн танытып тегi жоқ қан,
Туған қанды тепкiлеп тулап жатты.
Билемейдi күш-қуат, сенiм бойды,
Дертке қарсы шыға алмай көңiл тойды.
Таңдайынан тiршiлiк дәмi кетiп,
«Иммунитет» «иманның» тегiн жойды.
О, шындық! Бәлкiм сен де жалығарсың,
Ақиқаттың аспанын сағынарсың.
Мансұқ тұтып киелi қасиеттi,
Өз-өзiңнен жасырынып, сабыларсың.
Кеткен күнде махаббат аңсары кем,
Арманына асылған жан жары дем.
Толғақ қысып жас ана толықсыды,
Ажал-көршi сығалап таң сәрiден.
Жер ғаламды шертiп қап жиi сүргiн,
Шырағайлап жол таппай жиi сынды.
Толғатқанда ойлады қайран сұлу
Соры қалың екенiн сүйiсудiң.
Екi өмiр де таласты, тыншымады,
Кейде тулап, кейде үнсiз тынышын алды.
Көндiре алмай турашыл табиғатты,
Iшiн басып, беймезгiл қырсығады.
Дәрiгерден бiр көмек сұрағандай,
Қарашығын қадайды сiрә да алмай.
Дәрменсiз тар төсекте дөңбекшидi,
Тұла бойы дiрiлдеп жылағандай.
Айналаның барлығы тұманданып,
Бала үстiнен қан кеттi қызаңданып.
Жылдамырақ дайын боп хирургтер,
Үмiт күттi пышақтан күмән қауiп.
Тыпырлайды шарана тұншығардай,
Қайшы тiлi сызады сыр шығармай.
Операция қан-жоса жүрiп жатты,
Жылнамашы меңiреу үн шығармай.
Қан әйтеуiр құрсақтан тоқтамады,
Онсыз да әлсiз жүрек көп талады.
Әйелдi алып қалуға жанталасты,
Дәрiгердiң қашанда көп хабары.
Қос өмiрдiң тiрлiгiн дара санап,
Қажет емес бұл жерде орашолақ.
Шарананы бiрге алды ұясымен,
Өлiм менен өмiрдi арашалап.
Ақтық рет ана-өмiр сақталынып,
Махаббат ұлы сезiм тоқталынып.
Ананың құрсағында өлiм-өмiр
Аналық ұяменен жатты алынып.
Атом ой, атом дәуiр естi бөгеп,
Ұрпақ жатар құрсақты кестi бөлек.
Ол заманда бұл заман дүниеде
«Жатырсыз ана» барын естiмеп ек.
Хақ тағалам шебер-ау, құдiреттi,
Адамға құрсақ-ұя тұғыр еттi.
Бар тiршiлiк құрсақтан қуат алып,
Сезiмдердi суарып ғұмыр еттi.
Ұлы ұя. Бұл жерде сұрақ құрбан,
Адам түйсiк ғұмырды сынап тұрған.
Бүкiл тамыр тоғысып сол ұяға,
Сезiм деген ұлы күш тұрақ құрған.
Бұза алмады ешбiр жан үнсiздiктi,
Ұясына кiре алмай күн сыздықты.
Табиғаттан кiндiгi ажыраған
«Әйел емес» әйелдi үнсiз күттi.
Солай ғылым құр жанға шырақ жақты,
Құрсақ етi анадан жырақ жатты.
Бүкiл сезiм, мейiрiм атаулыны
Қолдан берiп, жас ару сұлап жатты.
* * *
Төрт-бес сағат сорлы әйел сұлап жатты,
Емiс-емiс ой-елес құрап жатты.
Махаббат пен бал түннiң куәгерi –
Тұңғыш ұлы iңгәләп жылап жатты.
Дөңгеленген дүние тұрғаны жоқ,
Адамдардың қолының құрғаны көп.
Бейшара әйел бейбақ боп жатыр ендi
Атом кешкен өмiрдiң құрбаны боп.
Емханадан шығарып дәрiгерi,
Көп сырды айтты тұспалдап, әрненi.
– Өзiң ғана сақтасаң құпияңды,
Бәрi жақсы болады әлi, – дедi.
Келiншектiң көз тастап аяғына,
Дедi iшiнен: «Сорлыны ая, Құдай».
– Баяғыдай төсекте бола алмайсың,
Етеккiрiң болмайды баяғыдай.
Бәрiне де кiнәлi ғасыр, – дедi, –
Күйеуiңнен сырыңды жасыр, – дедi. –
Әйелдiң әтектiгiн бiлу қиын,
Төсекте қулығыңды асыр, – дедi.
Сөйтiп ана бақыты жанбай қалды,
Жарына да құшағы қанбай қалды.
Болашақта ана да бола алмайды,
Ешкiм бiлмес мүгедек жанға айналды.
Естушi едi жаман деп жер қарғысы,
Заман үшiн келмейдi кем қалғысы.
Жатырының жоқ екенiн естiген сәт
Ағыл-тегiл еңiреп келдi алғысы.
Бiрақ-бiрақ көзден жас құламады,
Көңiлi де сел болып сұламады.
Сұп-суық боп сiлейiп тұра бердi,
«Неге солай?» деп тағы сұрамады.
Қасiреттiң шешiмiн табады кiм,
Қара жер топырағынан тарады күн.
Жанардың мұң-қайғысын ұға бiлген
Қайдасың «елiм» деген саналы ұғым?!
Ал сол сәтте шабылып ауыл-аймақ,
Жас ана мен сәбидiң қамын ойлап.
Бiр-бiрiнен сүйiншi сұрап жатты,
Құдалар, туысқандар «А, құдайлап!»
«Ұл келдi» деп барлығы қуанысты,
Көңiлден де көздерден шуақ ұшты.
Бар жағдайдан бейхабар күйеу жiгiт
Сәбилi болғанына қуанышты.
Ақыл сұрап, есiн ап жеңгесiнiң,
«Дайында» деп тапсырды тал бесiгiн.
Ұлы толғақ үстiнде туған ұлдың
Абылай деп қоймақшы болды есiмiн.
Қуанды әке:
– Осы, – деп, – қолғанатым,
Құдайдан тiлегенiм сол болатын.
Алты алашқа белгiлi ер болсын деп,
«Абылай» деп азандап қойған атын.
Бәрi де өттi – бесiк той, шiлдехана,
Ағыл-тегiл дастархан. Күнде шарап.
Тал бесiк балағында құр мүсiн боп,
Күбiрлеп күрсiнедi iргеде ана.
Ана жанын еш адам ұғынбайды,
Баяғыдай қыран көз сұғынбайды.
Бiреулердiң бақыттан басы айналып,
Көздiң жасын бiр бейбақ сығымдайды.
Әзiрше ешбiр жанға мұң шағылмай,
Құдайға жалбарынды шын шағынбай.
«Құндақтап сәбиiмдi сүйгiздiң-ау,
Беймезгiл тұлдыр қылмай, тұмса қылмай.
Ей, Алла! Рахмет осыңа да,
Таба қылма дұшпанға, досыма да.
Сәбиiмнiң қызығын көруге жаз,
Тiлейтiнiм тек ендi осы ғана».
Деп ана шаранаға емiрендi,
О, мейiрiм, жас болып төгiл ендi.
Әлденеден жерiнген жасын көңiл
Жасандылау, жасықтау тебiрендi.
Ана иiсiн сәбидей кiм бiледi,
Көкiрегiн нәресте тiлгiледi.
Омыраудың ақ сөңке сүтi кетiп,
Амалсыздың түндiгiн тiлгiледi.
Бұл фәниден нәресте не бiледi,
Ана төсiн аймалап тебiнедi.
Ащы сүттiң бусанған бiр тамшысы
Тас емшектен шым-шымдап сезiледi.
Құндақталған аш сәби ақ киiмдi,
Шырқырайды жұлмалап тас түйiндi.
Тас емшектен уға ұқсас ащы кермек
Бiр-ақ рет тамды да, сап тыйылды.
Не шығады сорғанмен құр сүлiктен,
Ешбiр тiлмен жеткiзбес жыршы бiткен.
Мынау жатқан тiршiлiк шөлге айналды,
Шөлдемеген тiршiлiк тiршiлiк пе?!
Естiмейдi зарлыны қоғам мына,
Ұлы сезiм, жыласаң, соған жыла.
Кiмдi айыптап күнәға тартсақ екен
Көлге татыр көз жастың обалына?
Үйiрiлiп күрең бұлт сор басына,
Сел жаңбыр сiркiресiн ордасына.
Дүниенiң есiгiн ендi ашқан
Перiштенiң бейкүнә көз жасы ма?
Бейкүнә бiр отаудың сәнi кетiп,
Жiгiттiң есi шықты мәнi кетiп.
Шырқыраған сәбиiн жұбата алмай,
Ана отыр бар үмiттi тәрк етiп.
Келiнiнiң кеткен соң тосын әлi,
Ене байғұс баланы қасына алды.
Қара қойдың қағып ап өкпесiмен,
Ала сиыр сүтiмен асырады.
Опасы жоқ тiршiлiк мынау жалған,
«Қал қалай?» деп бүгiнде сұрау да арман.
Жас ару сәбиiнен тiрi айырылды,
Келмедi жан дүниемен жылау қолдан.
Түн баласы құрғатып несiп жырын,
Жұбайларға күмәндi кесiр ғылым.
Жығылды кеп тағдырдың соқпағына,
Айта алмай ең күнәсiз бесiк жырын.
Қайтедi құр өлексе жанды мына,
Көзiмен атқызады таңды мына.
Күйеуiне тек үнсiз жаутаңдайды,
Мұңын айтып ала құйын тағдырына.
Бұрын бәрi өзгеше көркем едi,
Ендi өзi жұбайынан жеркенедi.
Бал ернiнен сүйсе де емiренiп,
Бұрынғыша жалындап өртемедi.
Желкiлдеген жас шағын сан аңғармай,
Күйеуiне көңiлi жоғалғандай.
Ұрғашы мен еркектi туыстырар
Бүкiл ұлы сезiмнен тоналғандай.
Сұмдық екен жас жанның күрсiнгенi,
От сезiмге су құйған құрсын емi!
Бейтiршiлiк бейхабар халге түстi,
Адамдықтың қаңқасы құр сүлдерi.
Ерке қылық құшақты сағынбайды,
Тәттi көңiл төсектен табылмайды.
Қыранының көңiлiн аулайтұғын
Жасандылық сезiмге бағынбайды.
Болса-дағы әйелдiң берерi көп,
Қазiр оған түктiң де керегi жоқ.
Күйеуiнiң құшағы өртемейдi,
Шымылдық iшiндегi желегi жоқ.
Күйеуi де бiр сырды сан аңғарды,
Салқындықтың сәулесiн жаға алмады.
Бал сезiмнен балбырап жүретұғын
Аяулы жар қылығын таба алмады.
Есiне алып бал дәурен өткендiгiн,
Бiр жұмбақтан ер жiгiт сескендi бiр.
Кiмнен, неден көрерiн бiлмей жүрдi
Әйелiнiң өзгерiп кеткендiгiн.
Қайтсiн әйел келедi жасырғысы,
Бiрақ оған көнбейдi ғасыр күшi.
Сырын жауға бiлдiрмей тырысса да,
Тағылықтың қоймайды тосын күшi.
Өмiрдегi бiр үлкен жаңалықтың,
Атом кешкен тамыры жаңарыпты.
Түбiн кескен тамырдай қурап жатты
Етеккiрi тоқтаған аналықтың.
Тiрлiгiне тек әйтеу өкпелейдi,
Қуаныш, қызыққа да беттемейдi.
Бұтағынан түйiн де бере алмайды,
Су iшпеген тамырдай көктемейдi.
Жер-анадай жаңбыр да тiлемейдi,
Күндiз күлкi көңiлден сыр егейдi.
Күдер үзiп төсектен кеткен болар,
Қазiр үйге жары да түнемейдi.
* * *
Солай мұңлық сан түндi аралатты,
Құпия ғып жан бiлмес қара дақты.
Күлкi үйiрiлген өңiнен нұры тайып,
Күннен-күнге қартайып бара жатты.
Өкiнiштен, күйiктен жанады жан,
Байқатпайды көп сырды жанарынан.
Болашаққа үмiтсiз жаутаңдайды,
Есiне алып сол күндi нала қылған.
Көп нәрседен бұрындар жаңылыпты,
Мақтаған полигонның мәнiн ұқты.
Күйеуiне бiр күнi назын айтты
Өзiндегi бiр жұмбақ тағылықтың.
– Жаным, – дедi өзiнше салқын үнмен, –
Айналдым менi сүйген бал тiлiңнен.
Мен қазiр бұрынғыша сүйе алмаймын,
Бiлмеймiн, өзгешемiн, жалқымын мен.
Бiлiп жүрсің, мен сенi жиi алдаймын,
Құшағыңды жат көрем, сыя алмаймын.
Бiлем, сезем, жүрегiм алдамайды,
Ендi мәңгi мен сенi сүйе алмаймын.
Әрине, мен бақытты ем сенiменен,
Сен бақытты болмайсың менiменен.
Жан берсем де, жар беру оңай емес,
Қимасам да рұқсат, еңiремен.
Дедi-дағы бұзған жоқ сол қалыпты,
«Қиналам-ау» деп бекер толғаныпты.
Сезiмдердiң төресi қызғану ғой,
Қызғаныш та, япыр-ай, жоғалыпты.
Сөйтiп, өзi күйеуiн атастырып,
Ақ отауы көрiндi қапас құрлы.
Шер ғаламды толтырып қасiретке,
Қателiк пен қылмысты шатастырды.
Сезу, сүю – адамға ең керегi,
Жасыра алмай жан сырын сенделедi.
Тұңғиыққа тылсым түн тынып тұрған
Арудың зарын тыңдап тербеледi.
Ешкiмнен ала алмаған өмiр өшiн,
Түн-ару жiбiтедi көңiл есiн.
Түнiне бар қайғысын бесiк етiп,
Жұбана алмай жан дүние еңiресiн.
Жан едi ол мейiрiмге асқан жаны,
Қатыгездiк қоршады тастан да әрi.
Жанұясыз, ғашықсыз күн кешедi,
Тағдыры бар құстың да аспандағы.
Әлдекiмге айтсам деп ағым жайлы,
Қанша ұмтылса бiр күш бар бағынбайды.
Қос анарын идiрiп, емiренiп,
Ана құсап баласын сағынбайды.
Өтiп жатты бiлiнбей зала күндер,
Жары да жоқ қасында, бала күдер.
Сезiмдерi көз iлген аруананың,
Көкiрегiн езедi нала күндер.
Ұлы өмiрден тоналып тылсым қылық,
Жиырма бiрдiң желегiн ұмсындырып
Отау үйге көмiлдi қасiретке,
Иманы бар жүректi күрсiндiрiп.
* * *
Аз ба, көп пе, бiлмеймiн, түсiнгеннiң,
Мен қазiр Жер-ананың iшiндемiн.
Қаза болған жандардың моласынан
Қатты шошып, ұлиды iшiмде мұң.
Қара жерге қармақ сап топас құлдық,
Полигон деп зұлымдық отастырдық.
Қан жүретiн тамырын талқан етiп,
Қателiк пен қылмысты шатастырдық.
Елу жылды елемей ортақ үмiт,
Бомбаларды сынадық сор табылып.
Адам-ана құрсағы қолды болды,
Жер-ананың құрсағы қопарылып.
Мөлдiреген қанша айдын лайланды,
Ей, адамзат, кiм бiлер бұл айлаңды?!
Жер-анадан нәр алар келер ұрпақ
Қасiретiн кiмдерден сұрайды ендi?!
Сор даладан сор iшкен сортаң халық,
Бедеу еттiк ұл-қызды, жол таңдадық.
Адам-ана құрсақсыз күн кешкендей,
Жер-ананың жатырын талқандадық.
Осылай Ана, Тұқым, Тектi үзiппiз,
Аталық мейiр нұрын кеткiзiппiз.
Болашаққа жерге де ең қауiптi
«Ұрпақсыздық» iлiмiн жеткiзiппiз.
Адам ғой қара жер мен көк тiрегi,
Мұнарасыз махаббат көк тiледi.
Бәрiнен де тұлдыр боп қайран ару
Қара жерге қайғысын төктi келiп.
Мiсе тұтпай тiрлiктi тағы жаны,
Жалқы жаны тау-тасқа бағынады.
Бедеу әйел қосылып бедеу жермен,
Боздаған қобызға ұқсап аңырады.
– О, жаратқан! Жараттың тар дүниеден,
Жалбарынам, құрсағым талды неден?!
Барды жасай бiлгенде жоқ нәрседен,
Барды жасау қиын ба бар дүниеден?!
Әлдекiмде кеттi ме тiрi кегiм,
Мынау жалған несiне бүлiнедi?!
Өлi жердi тiрілткен құдiрет-ау,
Неге өлтiрдiң сезiмдi тiрiдегi?!
Адам қолы тоздырып төзiмiмдi,
Адам қолы тонады сезiмiмдi.
Махаббат бер, жiгер бер, құштарлық бер,
Қайтар маған бар ұлы сезiмiмдi!
Бiр жақсылық күтем-ау текке күннен,
Адами түйсiктi бер текке күйген.
Бүйтiп тiрi қалғанша күйiк құшып,
Неге сонда мәңгi өлiп кетпедiм мен?!
Жер-ананы жастық қып әйел басы,
Майда самал сипады қара шашын.
Сыры бiрге жаралы Жер мен Ана,
Бiр-бiрiне мұң шағып төктi жасын,
Адам түгiл, мейiрге тас иетiн,
Қайран ұлы сезiм-ай бас иетiн.
Сол сезiмдi саудаға айналдырып,
Бiлмей жүр-ау бiреулер қасиетiн.
Күңiрендi қара жер ауырғандай,
«Аһ» дегенде қатты дем тауды ұрғандай.
Еңiреген арудың көз жасы боп,
Жер-ана жаңбыр жасын жаудырғандай.
Адамзатқа жабайы жат қылығын,
Жер-ана да жерiнiп жатты бүгiн.
Адам-ана зар мұңын көтере алмай,
Аунап-толқып Жер-ана шақты мұңын.
– Ей, Ана! Мен де сендей маздамадым,
Бомбадан мен де құри жаздамадым.
Мен де сендей бейбақпын, құрсақсызбын,
Адамға қызмет еттiм азғана күн.
Мен де сендей бағымды сағынбаймын,
Дертке толы тастардың қоғындаймын.
Адам-ата заманындай мәуелi бақ
Қазiр менiң бойымнан табылмайды.
Сенi құртқан адамның алақаны,
Менi құртқан адами аласалық.
Құрбанымыз екеумiз адамдардың,
Менiң де күнiм күрең, ала таңым.
Баяғыдай менiң де құдiретiм жоқ,
Бойымда қасiрет пен iндетiм көп.
Iшiмдi мынау пендем қайдан бiлсiн,
Айтуға жеткiзуге менде тiл жоқ.
Ана шерiн жер мұңы тұмшалады,
Қайғысы бiр тiрлiктiң мұнша халi.
Бiрi жаспен, ал бiрi топырақпен,
Бейаналар қауышып мұң шағады.
Дүниеде бұдан артық қорлық бар ма,
Кiм көнер мұндай үкiм, зорлықтарға?!
Жер мен адам мәйегiн мұрат еткен
Ғылымда бұдан артық зорлық бар ма?!
Барлығына көнедi бойсұнғандар,
Бiз бiлмейтiн жүр қанша жайсыз жандар.
Шырылдаған жанына демеу болып,
Көз салмайды бүгiнгi ойсыз жандар.
Айырылған отбасынан, жолдасынан,
Арудың қасиетiне ән қосылған.
Ұлы өлкеде атақты жасыл көл бар,
Көл орнатып кетiптi көз жасынан.
Кесел кешкен кесiрдiң жас қаны әлi,
Дәрменсiздер көзiнен жас тамады.
Көп нәрседен жерiнген өмiрдегi
Қатыгездiк осыдан басталады.
* * *
Қасiретшiл, атомшыл, ей, даналар,
Ғасырыңда осындай кей жара бар.
Күнә жапқан полигон аймағында,
Көресiң бе, құрсақсыз бейана бар.
Қасiретiн бiлемiз Неваданың,
Естiгенбiз есiмiн Женеваның.
Қара жердi тапсырып ғасырыма,
Жан жарасын аршыдым мен ананың.
Қалай жауып қоя алам масқараны,
Қадiр, қасиет құрсақтан басталады.
Ақылдың құрбаны етпей болашақты,
Бола ма екен ғылымның басқа амалы?
Бойжеткен-ау, болашақ ғасырымның,
Сен де жары боларсың жасын ұлдың.
Шытырман құпияның арасынан
Ебiн тауып өзiмше атырылдым.
Не дейдi екен түсiнген бұған ағын,
Ана зарын мен, әйтеуір, құп аламын.
Сырға толы құпия ар жағынан,
Белгiсiздеу үмiт боп сығаладым.





Пікір жазу