12.06.2022
  125


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

ХАТ

(Адай Зейноллаұлына)
Сіз мені сөгесіз-ау, сөкпе мені,
Бұл ақын бұғалықты жек көреді.
Айта алмай мұңын қамап жырларына,
Ақын деген осылай текке өледі.
Ақын – өршіл, өлеңмен көк тілетін,
Сіз шығар өнер өлшеп, тек білетін.
Ақынды тез өлтіру керек болса,
«Елемесе болғаны» деп білетін.
Қамшыға сап керегін ұғынам да,
Кейде әлсіз біреулерден бұғынам да.
Асауға ауыздықсыз мініп жүріп,
Жете алмай жетеріме жығылам ба?!
Бір қағаз мені талай сан қақтырды,
Өлеңім мені Сізбен жалғаттырды.
Бір ағам қамқоршым боп жүруші еді,
Ол да әкеп орта жолда шаң қаптырды.
Шыдаймын, өнер мені шыдатады,
Білемін, сәтті шағым бір атады.
Жырыма қанат беріп қара халық,
Сынық қанат халімді жұбатады.
Бір аға қамқоршым ед ат мінетін,
Бір ағайға сүйенгем хат білетін.
Өлең деген орманда адастырып,
Тыңдамаған тағдырдан қайтты бетім.
Түн. Өзімді өлеңмен тонап шықтым,
Жүрегімді жөргекке орап шықтым.
Өмірде жолсыз ақын мен бе екем деп,
Ақындардың тағдырын қарап шықтым.
О, тоба, Мұқағали маған ұқсап,
Жазмыштың жолы қалай жоба нұсқап?..
Азаматты – Мұқаңды мұқалтқанда,
Мен нағып шыдап жүрмін қалам ұстап?..
Өнерге қарыз ғасыр, қарыз жалған,
Қай арман бұл жалғанда орындалған?
Көз жұмарда Бетховен көкті нұсқап,
Өршелене аспанға арызданған.
Ақан Біржан тағдырдың тасын кешкен,
Шығарған жоқ Төлеген, Қасымды естен.
«Мұндай елден бойың тарт» деген Абай
«Қажыдым» деп өмірдің базын кешкен.
Ақынның, әншінің де назы қалған,
Қашаннан қалыбынан озық арман.
Тағдырға «тоба» айтпаған таланттар жоқ,
Сондықтан өкініш – ән, сөзі қалған.
Шағымы бар шабытқа таң шыдай ма,
Бақталастық жаныңды жаншылай ма?
Талантты талантсыздар табанға сап
Езбесе, Мұқағали, Шәмші қайда?!
Бұл көңіл бір биіктен шыға ала ма,
Тәңірдің сыйын алмай тына ала ма?
Әсем мен сұлулықты көрмейтіндер
Кеңдік пен биіктікті ұға ала ма?
Сондықтан сөкпе мені, кінәлама.





Пікір жазу