12.06.2022
145
Селк етіп сезім күмәні...
Селк етіп сезім күмәні,
Толқиды төзім тұманы.
Тасынып, басылатұғын
Бәріне сезім кінәлі.
Ақылдың – естің тұрағы
Адамның оңай жылауы.
Тірліктің бастау бұлағы
Өмірге ғашық кінәлі.
Тағдырын тербеп түн әні,
Тағат та бір күн тынады.
Қылықты қыздың бағына
Қашанда ері кінәлі.
Қамшының сабы – сынары,
Адамның бәрі кінәлі.
Ерлердің бағы жанбаса,
Қосылған жары кінәлі.
Жолыңды жолсыз қағатын,
Арыңа күнә тағатын.
Патшадай көңіл кінәлі
Деміңнен күнә табатын.
Селдетіп сезім күмәні,
Жаралған өзім кінәлі.
Күнәнің бәрін көретін
Бәріне көзім кінәлі.
Тойымсыз тоққа сана бер,
Ұлықты көрсең дана гөр.
Барлығын бірдей көтерген
Сен бе кінәлі, қара жер?