12.06.2022
  101


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Не жоқ дейсің архивінде көңілдің?

Не жоқ дейсің архивінде көңілдің?
Ең қауіпті у сөз жұтқан өмірмін.
Айтылмайтын азғырынды ағаттан
Арнам асып, өлең болып төгілдім.
Толстойдың бағы әйелден жанбаған,
Менің бағым өлеңім боп алдаған.
Әйелдерге немқұрайлы қарайтын
Жігіттердің қылығыңа шамданам.
Ұят ұтқан тағдырымды тұл еткем,
Түнде тұрып төсегіме жыр еккем.
Ақ некенің әуені ойнап қанымда,
Түн періштем түнемей жүр түнекте.
Сықыр-сықыр сырға бөгіп сын тағы,
Жалықты ма жардың жұмақ жұмбағы?
Қап-қара түн ай нұрымен толғатып,
Қанға бөгіп шала туды Күн тағы.
Есер артық ертеңі бар естіден,
Киелі түн, ынтық дүние ашкүнем.
Пайғамбарды жүздестірген тылсыммен
Қап-қара түн дұғалы деп естігем.





Пікір жазу