12.06.2022
112
Бұл көңіл бір жоқты іздеп көз ілмейді...
Бұл көңіл бір жоқты іздеп көз ілмейді,
Шыбын жан сая таппай безілдейді.
Махаббат бейуақытта табысқанда
Бақыттың бал шырыны сезілмейді.
Үйлену – шөлмек ғұмыр, бағы бастан,
Абайла, сынса бақтың тағы қашқан.
Мәңгіге арман етіп сезімдерін,
Қапыда шын махаббат ажырасқан.
Сайтан ауа сандалтып дүйім көшті,
Жетім сөз, жетім желік үйімде өшті.
Жанымның жанарттығы жайына қап,
Көңілім жетімдіктің күйін кешті.
Бес күндік жалған кешер жұмыр басым
Тасқа тиген шөлмектей ұрылмасын.
Ұстап ап бұрымымнан лақтырғанда,
Қолыңда қалып қойған бұрым шашым.
Суайттың сертін сығып, шайып шаңын,
Құлықсыз балалықтан айықпадым.
Төзімнен түңілдіріп төсегімді,
Мен жалған махаббатты айыптадым.