12.06.2022
  91


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

ҚЫЗЫЛ ҚЫЗЫҚ

Неге осы айшықты қызыл бояу ашады?
Күннiң көзi нелiктен қызыл арай шашады?
Неге қазақ қыздары қызыл түске құмарлау,
Қыз көңiлi нелiктен қызыл көрсе тасады?
Оттың түсi, ол неге қызыл алау болады?
Қызарған шақ жүзіңе неге алау қонады?
Тiлдiң өзi қызылға боялыпты, ой, алла-ай,
Қырлардағы қызғалдақ қызыл болып солады.
Ұяты бар әлпеттiң неге қызыл реңi?
Қанның түсi қалайша қызыл түстi, күреңi?
Бағдаршамдар көшеде қызыл көзiн ашқанда,
Қызыл үрей алдында қызыл тiрлiк тұр едi.
Жар сүйетiн ерiндер қызыл түстi – киелi,
Құдiреттi дүние, қызыл неткен жиi едi?
Той күндерi тiлектер қызыл түске боянып,
Неге адамдар бастарын қызыл түске иедi?!
Неге?!





Пікір жазу