Жазмышта қаңғыртпаған қай ердi арман...
Жазмышта қаңғыртпаған қай ердi арман,
Өкiнбе, тазартпақсың қай ердi ардан?
Мұхаммед пайғамбардың өзi-дағы
Екi рет есiк көрген әйелдi алған.
Бiлемiн, бiлесiң сен, қайтем ендi,
Мен саған төменмiн деп айтам ба ендi?!
Тоқалдан туған бала жаман болса,
Әлемнiң ұлы Абайы қайдан келдi?!
Бiлемiн. Басқалардан артық мысым,
Сенен де сырғығандай артық пiшiн.
Әйелден бағың жанбай қалатындай
Мұхаммед пен Абайдан артықпысың?
Мен сенi отбасыма ие көрiп,
Талай рет өзiмдi күйеледiм.
Қанымда бар дарыған тектiлiгiм –
Домалақ, Мұрын ана киелерi.
Бiлмеймiн, сенi кiмге баладым мен,
Әйелге мынау фәни-дала күлген.
Найманнан бұтақ жайған Нарбота ана
Бiр тайпа елге мұрындық бола бiлген.
Неге қоям, бос сөзге қоймаймын мен,
Өзiң ғой өткенiмдi қоймай жүрген.
Бiр елдiң ұраны боп Қызай ана,
Ер емес, елдiң қамын ойлай бiлген.
Домалақ ана жайлы өсиеттi
Есiткен қалың елi бас иiптi.
Осындай киелiлiк, жер бетiнде
Қазақтың әйелi екен қасиеттi.
Солай, достым, сен менi жазықтама,
Маған көзiң жетпесе, озық қара.
Құрсағында шайқалтқан тiршiлiктi
Әйел деген құбылыс нәзiк қана.