12.06.2022
97
Қап-қара түн.
Қап-қара түн.
Қар аппақ. Боз қамауда
Бiр жас ару бақытын сорға малды.
Ар мен ұят ажалдың ұшын емiп,
Шеру көңiл шарлады шер ғаламды.
Айкезбе боп таба алмай тұрақ құрбы,
Құдайсынған көңiлiм жылап тұрды.
Тұр шайтаны қоздырып жезөкшенi,
Құпияның көрпесiн лақтырды.
Бiр түнiмнен бiр күндi сұрай алмай,
Отырмын мен бәрiне шыдай алмай.
Бесiктегi баланың жөргегiнен
Шығып жатқан аяғын қымтай алмай.
Көшедегi көп бейбақ жаны жынды,
Тайғанайды бейшара сағым құрлы.
Ұшық тиген дүниеден опа күтiп,
Уақыт құрғыр өзiне табындырды.
Бар ғұмырды тек өзiм жасағандай,
Кейде толып, кейде iшiм босағандай.
Тарбағатай толғатып жатқан сынды
Ақырзаман ғасырын босана алмай.