12.06.2022
  139


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Адамдар

Адамдар!
Ақындарды бай екен деп қалмаңдар,
Ақын деген ақиқат қой, дүние деген жалған бар.
Жиған-терген қоқыссыз-ақ көрiнетiн биiктен,
Ақын деген – түн адамы жүрегiнде арман бар.
Ақын деген бiр сүрлеу бар, сүрлеуде көп бұтақтар,
Сол бұтақтың сөлi болар, қаламынан сүтi аққан.
Талай тарих тоғысының түйiнiнен таралған
Ақындардың хақ төрiнен орын алған кiтаптар.
Ақын деген бiр халық бар көкiрегiнде күнi бар,
Ақындардың табынатын қасиеттi түнi бар.
Бiр ғажайып тiршiлiктi тәңiрiнен күтiп ап,
Дүние емес, кiтап жиған бас бармақтың құнына.
Адамдар!
Ақындарды бай екен деп жүрмеңдер,
Тағылықтың табы жатқан тағдырына күлмеңдер.
Ақындардың бар байлығы – жолдас-жора, отбасы,
Өз Отаны, шаңырағы, өзi сүйген гүл мен жер.
Ақын деген кедей емес, бай екенiн бiлiңдер,
Өйткенi бар тiршiлiктiң «iңгәсi» бар үнiнде.
Мұхаммедтiң уағыздары өлеңменен жазылып,
Қасиеттi Құран кiтап сөйлейдi ақын тiлiнде.
Ақын үнi сөйлеп берер дүниенiң түбiнде,
Көшпелi елдiң арбасының сыңырлаған жiгiнде.
Бар байлықты ақын үнi өлеңiмен сайратқан,
Сондықтан да ақын деген әз халықтан түңiлме!





Пікір жазу