12.06.2022
107
Есiмде сол бiр жыл ағын...
Есiмде сол бiр жыл ағын,
Бiр бөлме едi тұрағым.
Сен менi тастап кеткенде
Жападан-жалғыз жыладым.
Кеткенсiң менi бiр таң ғып,
Кеткен-ау содан жыр саңғып.
Жiгiттiң жаны – күмiс кiлт,
Әйелдiң жаны – сыр сандық.
Сәбидi сен деп құндақтап,
Өлеңге сен деп үн қаттым.
Жүргенде iздеп жұмақты,
Кездесiп қаппын жұмбаққа.
Я, Алла, саған табындым,
Жандыршы менiң бағымды.
Тағдырым, сенен сұрайын,
Сындырма менiң сағымды!