12.06.2022
  110


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Жанарымның ар жағында бір сыр бар...

Жанарымның ар жағында бір сыр бар,
Жүрегімді жерден жылытып күн тыңдар.
Көлге келдім мұңды жалғыз арқалап,
Шаттығымды бөлісер деп бір сұңқар.
Көлдегі бір асау толқын біртүрлі,
Сонау-сонау сылаң шақтан сыр түрді.
Сезімімді соғып қалып жағаға,
Шытынаған шыныдай ғып сындырды.
Есімді алып елегі жоқ еп қалтам,
Жарар еді бір жасынға сеп болсам.
Ойым жетпес көктегі бір қара үңгір
Жұтып кетіп, жоқ болам ба деп қорқам.
Таң шапағы. Көлге түскен күн сылаң,
Түнгі үрейге селт етем де, тұншығам.
Аспан қиял қыз-ғұмырды аңсатып,
Толқын жырға бірде батып, бір шығам.
Жанарыма жасырып ап күз демін,
Тұлымшақты, құлын шақты іздедім.
Мен өлеңді, өлең мені жетелеп,
Жусан иісті балалықты іздедім.





Пікір жазу