12.06.2022
141
Аялдама... Ұя бұзған арадай...
Аялдама... Ұя бұзған арадай,
Сен де тұрдың бас изеуге жарамай.
Махаббатта жолы болмағандардың
Өмірде де жолы болмайды, ой, Алла-ай!
Мен өмірге өкпе айтпаймын. Желікпен.
Жүруші едім тек өзіңе сеніп мен.
Өмір қызық, ғашық болсам біреуге,
Іздеп жүріп жолықпаймын неліктен?
Сары жапырақ. Сағынышым көз ілді,
Кешем әлі таусылмайтын сезімді.
Өтірік деп маған ғашық болғаның,
Кінәладым сені, сосын өзімді.
Жоқ махаббат! Тек жырымда қалың мұң,
Алданғышпын, күнәсімін арымның.
Түні бойы төсегімде көз ілмей,
Мен өзіңді, екеумізді сағындым.