12.06.2022
  104


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

АЙЖАРЫҚ ЕЛДЕН КЕЛГЕНДЕ

Көктеммен бірге ала бел гүлдеп,
Елімнен сәлем ала келдің бе?
Толқыннан туған талантым бар деп
Тулап жатыр ма Алакөл күнде?
Жарбұлақтағы жар-бұлақ қалай,
Құрық қып мінген «арғымақ» қалай?
Есіме түсіп есімді алды ғой
Ойнаған шақтар қарғылап талай.
Таудай толқынды жара келдің бе,
Жігерді тасқа жана келдің бе?
Бейкүнә бейне қозы-лақ қуған,
Құлыншақ қыз бен бала көрдің бе?
Бозарған нұр боп өткен күндерің,
Аңқыта жұтып тектердің демін,
Жусанның иісін бойыңа жағып,
Ала келдің бе көктемнің лебін?
Уақыт-із сіңіп қырат-құмдарға,
Ақсақалға арды сынаттыңдар ма?
Қуыршақ ойнап, көбелек қуған
Құрбыларымды ұзаттыңдар ма?!
Есіме салып қай-қайдағыны,
Балалығымның айғайлап үні.
Сенің жырыңмен еріп келгендей
Әкемнің сонау шалғайдағы үні.
Кісікиіктей сынық қанаттым,
Талантты қашан ұлықтамақ кім?
Сол жылдар төлі екі ақын едік,
Бір сәуле іздеп тұныққа баттым,
Қайтеміз енді, у ұрттап аппын...





Пікір жазу