12.06.2022
  177


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Мен сені ұнатқанмын, сүйген емен...

Мен сені ұнатқанмын, сүйген емен,
Саған да талап қойып «сүй» демеп ем.
Тіл қатпасам, аңқау деп, ақымақ деп,
Өтінем, намысыма тиме менің.
Жылытып жыр-ғұмырдың саябағы,
Етегімнен еңіреп ой ағады.
Түтінін көп жұтып ем жерошақтың,
Есейдім. Өмір мені аямады.
Адам емес, мені бір хақ қолдайды,
Қашанда қадіріңді жат қолдайды.
Қуана білмегенге құт қонбайды,
Бағалай білмегенде бақ болмайды.
Аңсатып сонау-сонау бұла күнді,
Сарсыта бермеші енді құлағымды.
Суық сөзбен жасытып жігерімді,
Лайлама бойымдағы бұлағымды.
Мен өлеңді арымның сынағы еттім,
Сөздерді сезімдердің бұлағы еттім.
Бір күндік қуанышты шығарып сап,
Мұң ұстазды мәңгілік мұрат еттім.





Пікір жазу