12.06.2022
  89


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Көкiректi нала түндер қопарып...

Көкiректi нала түндер қопарып,
Махаббаттың оғы тиiп, от алып,
Тәңiрiммен тамырластым тiкелей,
Мысқылдардың түтiнiне қақалып.
Мен өзiмдi бала күннен байқағам,
Тұтқын болмай, торды солай шайқағам.
Ой додасын қатал сынға тапсырып,
Мен өзiмдi тұтқындадым қайтадан.
Жезөкшелер тас көшеде жүгiрген,
Дүңгiршектер күнә уын сiмiрген.
Күнкөрiстiң күйбеңiмен бүркенiп,
Тағдырлар-ай бақастыққа жүгiнген.
Ер жiгiттiң ары қайда кетiп ед,
Нәпсi жеңген қасқыр сынды шетiнен.
Жiгерi жоқ бөрiктiнi көрем де,
Әйел болып туғаныма өкiнем.





Пікір жазу