12.06.2022
  111


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Ғашық жандар өкпелессе мұң дейтiн...

Ғашық жандар өкпелессе мұң дейтiн,
Ренжiссе, табыстырар түн дейтiн.
Екеуара татуласқан жандарды
Жаңбырдан соң бұлттан шыққан күн дейтiн.
Сен де, мен де сияқты едiк от ақын,
Өкпелессек кеш те баяу бататын.
Күнi бойы томсырайған бiздердi
Жатар орын табыстырып жататын.
Неке сыйы шымылдықпен бөлiнген,
Маған солай ғажайып боп көрiнген.
Ұрысып ап, табысқанда қайтадан
Күнә жасым шымылдықта төгiлген.
Бiр сәттiк наз жұбайларға жарасқан,
Наз өкпеге айналғанда жақ ашқам.
Өкпе соңы кешке жетсе мұң дейтiн,
Жараспайды томсырайып таң асқан.
Мұң мен өкпе бiр-бiрiнсiз толмайды,
Өкпе сырын бiлмей жүрсең, сол қайғы.
Бұл фәниге өкпе артатын тiрлiкте
Өкпелеусiз өмiр мәнi болмайды.
Бiз де сондай жұбайлар ек үлгiлi,
Бiлiнбейтiн уақыттың жыл-күнi.
Маң-маң басып жетiге кеп жеткенде
Себеп болды «кеселердiң сыңғыры».
Адам солай, мына өмiрдiң қонағы,
Сәл нәрсеге жайқалады, солады.
Өзi салған соқпағымен сор кешкен
Ғашық адам сәл соқырлау болады.





Пікір жазу