12.06.2022
  153


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Бiрде жұтап, отырамын бiр түлеп....

Бiрде жұтап, отырамын бiр түлеп,
Кеше жылап, бүгiн түртiп бiр тiлек.
Көз жасым да опасыздық жасады-ау,
Айырбастап кете барды күлкiге.
Күнкөрiстiң күйбеңi боп басты ұғым,
Өз-өзiмнен жасырынды жас күнiм.
Сенiң мұңың менiң мұңым болғасын,
Бұлт iшiнен шыққан күндей аштымын.
Өзiң болып кейде күздiң құс көшi,
Көктемедей сарғаямын iш тесiп.
Сен iшетiн өмiрiмнiң шаттығын
Жолын тауып басқа бiреу iшкесiн.
Жеңем дедiм, мен өзiмдi жеңбедiм,
Кеткен күннiң қуанышын сен дедiм.
Алдаспанның өткiр жүзi арқылы
Сезiмiмдi тебiренттiң сен менiң.
Түндi түртiп, оңашада ой бағам,
Өткенiне өкiнбейтiн қай надан?
Өлең деген қасиетке киелi
Бағымды да, сорымды да байлағам





Пікір жазу