12.06.2022
132
Сенемiн деп тағы үнiне ғасырдың...
Сенемiн деп тағы үнiне ғасырдың,
Амалсыздың айласына асылдым.
Қара базар қамшысынан қаймығып,
Өлмес күндi өгейсітпей жасырдым.
Тиын-тебен тамсандырып даланы,
Тектiлiктi тексiз тiрлiк тонады.
Жетi қабат жер астына тығылып,
Құмырсқаның ащы балын жаладым.
Талақ болған тiрлiгiме күлер күн,
Тамырынан үзiлердей бiрер күн.
Iшiмдегi шерiмдi айдап кетсiн деп
Найзағайды жұтып-жұтып жiбердiм.
Күн нұрының аулай алмай жарығын,
Моншақ мұңды қаламыма жаныдым.
Түнемеде көрпе астында күрсiнiп,
Мына тезек дүниеге налыдым.
Ей, ажалды пенделерi мәрт сырдың,
Мен сендерге болашақты тапсырдым.
Күлкi ақымақ адастырып кеткен соң,
Түн көңiлiн аулай алмай шарт сындым.