12.06.2022
  349


Автор: Қайырды Назырбаев

ӨМІР ӨТІП БАРАДЫ

Заманның жайын байқап алаңдадым,
Өз жайым, өз халімді шамаладым.
Қанеки, кімнен кеммін деп өзімше,
Жұбатып өзімді-өзім сан алдадым.
Ойланып, алды-артымды бағамдадым,
Бәрібір оған байыз таба алмадым.
Жақсы дерлік түгім жоқ болса-дағы,
Өзімді жақсы екем деп тағы алдадым.
Тындырған істеріме көңілім толмай,
Адамша біріне де разы болмай.
Көңілді құр сөзбенен алдарқаттым,
Өмірде болады деп ондай-ондай.
Тірлікте алға ұмтылып, үміттендім,
Бұрылмай түзу жолмен жүріп келдім.
Амал не, соның шыңға шығарына,
Жас жетіп, әл тайғанда күдіктендім.
Алдымда тұрған кезде мақсат толып,
Бәрі де сезіліп ед жақсы-ақ болып.
Жалына жармассам да қай жүйріктің,
Көзіме көрініп ед жақсы ат болып.
Небір асау басылар тулап алып,
Алған соң бабына кеп, суға қанып.
Атқан оқтай зымырап ізсіз-түссіз,
Өмір өтіп барады зулап ағып.
Тағдырдың басқа салған ісін көріп,
Тірліктің қатты, жұмсақ күшін көріп.
302
Қайырды НАЗЫРБАЕВ
Өткіздік бұл өмірді өзімізше,
Өзгеге жылынбайтын түсін көріп.
Бала күннен басқаның бәрі уайым,
Ойласаң бойды билер сары уайым.
Жастық өтті жарқылдап ақ семсердей,
Басқасын айтып-айтпай не қылайын.
Бағасын кеш түсіндік бал дәуреннің,
Қайрылмас, қайта келмес жаз дәуреннің.
Біздегі ұзақ қыстың рақаты,
Татымас бір күніне жазғы әуренің.
Ойласам өткен күнім бұлдыр елес,
Еске алсам тауыса алмаспын, құрып кеңес.
Ойға алсам оралмайтын өткенімді,
Замандас неге соны жаздың демес.
Уақыттың билігіне бағынатын,
Жоқ емес жақсы күндер сағынатын.
Сол күйі кері айналып келмеген соң,
Еңіреп, есіңе алып не қыласың?!
Тәтті мұң сезіміңді шерге бөлеп,
Кең дүние көз алдыңда дөңгеленед.
Қосылмаған қос арман сияқтанып,
Бұл күнде ол да бөлек, сен де бөлек.
Ұмыттың, ұмыттым ғой өзім де оны,
Оты өшкен, ұшқыны жоқ көзімдегі.
Бықсыған, шала жатыр жүрегімде,
Балаң сезім не деген төзімді еді.
Небір жайлар өтті ғой біздің бастан,
Кездер болды бақ қайтып, құтым қашқан.
Кездер болды мансапқа қол жеткізген,
Кез болған жоқ, бірақта асып-тасқан.
Берген жоқ тағдыр маған артық бақыт,
Мен оны аңсағам жоқ басым қатып.
Алланың берген аз-мұз бақ-талабын,
Бәрін де орны-орнына қойды уақыт.
Жастықпен шалыс басқан кез де болған,
Ауылда, алып-ұшқан сөз де болған.
Маңдайға жазылғаннан қашып-пыспай,
Өмірімді өзім ғана жөндеп алғам.
Қиындық болды, өзгелер не біледі?
Өткен соң бәрі жақсы көрінеді.
Сан рет апатқа да ұшырадым,
Ойласам көзімнен жас төгіледі.
Жауларым естігенде күлген шығар,
Күдерін үміттілер үзген шығар.
Сол кезде құдай сақтап, жаным қалса,
Таусылмай дәм-тұздарым жүрген шығар.
Ақ ниет, адал ісім екі жақтап,
Бәрінен алып шықты аман сақтап.
Бір Алланың арқасы деп білемін,
Жүргенім бүгінгі күн үмітті ақтап.
Білетін сырлар қанша өзім ғана,
Жалғанда тауыспасын төзімді Алла.
Ой аз ба, түбіне ешкім жете алмайтын,
Тірлікте айта алмайтын тірі жанға.
Қай айдынға жығылар тағдыр тайып,
Емес қой, білмеуіміз бізге де айып.
Ескегінің иесі келмей қалып,
Қай жағада қалады біздің қайық?!.
Өмір өтіп барады...





Пікір жазу