ҚАРАТАЙ БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛҒАНДА
Қаратай елі мақтан қыл бүгін мықтыңды,
Қаратай батыр ескерткіш болып тік тұрды.
Елді, жерді қорғау үшін мәңгілік,
Дәл осылай тұру керектігін ұқтырды.
Қалың қазақ Төр Алтайға қараған,
Бабамыздың алты ұлынан тараған.
Ұрпақтары өсіп-өніп, орнында
Шаңырағын көтеруде жаңадан.
Іргелі ел боп, қанатын кең жаюда,
Нарық келіп дәулеті өсіп, баюда.
Мемлекеттік Парк болып қорғалып,
Көбеюде бұғы, марал, аю да.
Қарағайы, самырсыны, қайыңы –
Орман болып, тау мен тасқа жайылды.
Туристерің қысы-жазы сабылған,
Берел, Мұзтау бағытына ағылды.
Табылды әне сақтардың да қорғаны,
Біле білсең, арғы тарихың ол-дағы.
Оқи алсаң жәдігерлер айтып тұр,
Ел кімдікі, жер кімдікі сондағы.
Найзасын қадап қорғап қалған жеріне,
Үмітін артып соңына ерген еліне.
Қаратай батыр қасқайып қарап тұр әне,
«Жат жұрттықты шығарма, – деп, – төріңе!»
Қаратай елі бабаңның рухын көтеріп,
Ескерткіш қойдың еліне бүгін әкеліп.
«Еңсесі биік, ер ұрпақ өсіп-өнсін!» деп,
Қарттарым бата береді енді әкелік.
Аруағы Қаратайдың қорғап жүрсін,
Іске сәт, жолымызды оңдап жүрсін!
Атажұртта отырған жерлестерді,
Ата-баба рухы қолдап жүрсін!